×

Бұрынғы офицерлер Самат Әбішке қатысты мәлімдеме жасады

Бұрын істі болған әскерилер заңсыз сотталғанын, саяси ойындардың құрбаны болғанын айтты

 Айнұр Шошаева 11.03.2022 | 16:35

Бүгін Қарулы күштер сапында қызмет еткен бұрынғы генералдар мен полковниктер баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған дейін хабарламада айтылғандай, Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығының бұрынғы бастығы Мұхтар Қарабеков Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің қызметі және «сақалдыларды» даярлау туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге уәде берген.

Алайда, полковник Қарабаев БАҚ өкілдері жиналған шарада Ұлттық қауіпсіздік комитеті даярлаған «сақалдылар» туралы емес, Кәрім Мәсімов пен Самат Әбіш басшылық еткен кезде ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша заңсыз сотталғанын мәлімдеді.

Полковниктің айтуынша, 2017 жылы «Қазақстан инжиниринг» компаниясының қызметіне қатысты іс бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековпен бірге 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу нәтижесінде сот оны пара алғаны үшін кінәлі деп таныған. Алайда офицер кінәсін мойындамады.

«Бәріміз ешбір дәлелсіз сотталдық. Тінту кезінде ештеңе табылмады, жалғыз мүдделі тұлғаның куәлігі соттауға негіз болды. Ол адам менің қарамағымда жұмыс істеді. Бүгінде ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары, департаменттердің директорлары тергеу изоляторында отыр, олардың барлығының әскери қызметкерлерді заңсыз соттауға қатысы бар», - деді Қазақстан қорғаныс министрлігі Әскери өкілдіктер орталығының экс-басшысы Мұхтар Қарабеков.

Оның айтуынша, соңғы жылдары 157 әскери қызметкер заңсыз сотталып, оның 7-уі Жоғарғы соттың шешімімен ақталған.

«Басым бөлігі коррупциялық қылмыстар бойынша сотталды. Біріншіден, бұл адамдардың барлығы ешбір дәлелсіз сотталды. Атап айтқанда пара ретінде берілген зат, қылмысық жолмен жинаған мүлік жоқ. Тінту кезінде ештеңе табылмады», - деп толықтырды ол.

Оның айтуынша, аталған істі тергеуі бойынша ҰҚК төрағасы Мәсімовтің бұйрығымен жедел тергеу тобы құрылып, оның құрамына ҰҚК-нің республика бойынша барлық департаменттерінен 40 адам енген.

«Соттың бірінші инстанцияда пара алуға әрекет жасауға итермелеу әрекеті үшін айыпты деп танылдым. Екінші инстанциядағы әскери сот оның күшін жойып, пара алды деп айыптады. Бірақ алған пара, жинаған мүлік, қылмысты дәлелдейтін аудио немесе видео жазба жоқ. Мен ол қылмысты жасаған жоқпын, жасай алмайтын едім. Себебі ол кезде мені Ресейдің Пенза қаласында жүрген жерімнен Алматыдағы ҰҚК департаментіне куәгер ретінде жауап алуға шақырды. 8 наурызда мені таңнан кешке дейін департаментте ұстап, қамауға алды. Сот санкциясымен үкім шығарған кезде маған мемлекеттік төңкерістің қатысушысы деген айып тағылды. Екі айдан соң санкцияны ұзартқан кезде пара алды деген айып тақты», - деді ол.

Сонымен бірге, Қарабеков тергеу кезінде ҰҚК басшысының экс-орынбасары, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштен қысым көргенін айтты.

«Тергеу кезінде қандай заңбұзушылықтар болғанына тоқталмай-ақ қояйын. Тек біреуін айтамын. Маған бұрынғы Қорғаныс министрлері Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбековке, олардың орынбасарлары Оқас Сапаров пен Талғат Жанжүменовке қарсы айғақ беруге мәжбүрлеп, моральдық-психологиялық қысым көрсетілді. Олар мені соларға қарсы куәлік етіп, айқақ беруімді талап етті. Болмаған нәрсені қолдан жасап, қалай да болсын оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға тырысты. Мен офицер ретінде бұдан бас тарттым, нәтижесінде сотталып кеттім. Самат Әбіш «полковник, өзіңізді тым батыл ұстайсыз, сіз ол қағаздарға қол қойып, екі сағаттан соң бостандыққа шығасыз немесе біз сылтау тауып сізді түрмеге отырғызамыз» деді, - деп толықтырды ол.

Экс-әскерилер жылдар бойы Жоғары сот пен Бас прокуратураға шағымданып жүр. Тағы бір әскери – авиация генералы Асқар Бөлдешов өзінің заңсыз сотталғанын айтты. 2013 жылы сот оны қызметтік мансабын асырды деп айыптап, 8,5 жылға соттаған.   

«Менің қызметтік міндетімде мобилизациялық-әскери дайындыққа жауапты екенім жазылған. Менің құзыретіме әуе күштерін, оның ішінде авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғанысты әскери жабдықпен қамтамасыз ету кіреді. Әуе қорғаныс күштері үшін аса қажет саналатын әскери крестон салып алу қажет болды. Оның саны бізде шектеулі болғандықтан, жауынгерлік дайындық та ақсап тұрды. Аталған бөлшекке тапсырыс берілді. Конкурсты бір жеткізуші жеңіп алды. Алайда комиссия оны қабылдаудан бас тартты. Мен қолбасшының орынбасары ретінде өзіме жауапкершілік алып, ол мүлікті қабылдап және уақытша сақтау үшін қоймаға қойдық», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол қол астындағы қызметкерлерінен ақша жинады деген желеумен алаяқтық бабы бойынша айыптаған. Алайда сотта 55 адамнан жауап алу кезінде бұл айыптау расталмаған.

«Әскери крестонды жеткізуші менімен бірге сотталды. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуда жеңіп алған соң оған белгісіз адамдар шығып, әскери бөлімшеде тұрған крестонды арзан бағамен сатып алуға ұсыныс жасаған. Демек, Қорғаныс министрлігінде крестондардың сырттан келуін қаламайтын тұлғалар бар. Олар бөлімшедегі әскери жабдықты қайта салып отырған», - деді Бөлдешов.

«ЧЕЛАХТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ 15 АДАМДЫ ЖАЙРАТЫП САЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС»

Баспасөз мәслихатында тағы бір әскери-полковник Роман Құрманбаев өзінің заңсыз сотталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, заңсыз сотталуына бұрынғы әскери прокурор Ерғали Мерзадиновтың қатысы бар.

«Мен Қазақстан шекарасының барлық жерін жатқа білемін. «Оңтүстіктің» бірінші қолбасшысы болдым. 2006-2007 жылдары Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы контрабанданы ұстау жағдайы 90 есе өсті. 90% емес, 90 есе. «Құрмет» орденін алып, жоғарылауға барудың орнына мен жауапқа тартылдым. Себебі оңтүстік бағыттағы бас контрабандашы - Мерзадинов», - деп мәлімдеді Құрманбаев.

Сонымен бірге шекарашы Арқанкерген оқиғасына қатысты пікір білдірді.  Оның пікірінше, Челахтың жалғыз өзі 15 адамды өлтіруі мүмкін емес.

«Ол жерде әскери әлімжеттік болды. Үлкендер жаңадан келген жас сарбаздарға қысым жасады. Шыдай алмаған жастар оларды атып тастады. Ол кісі өлтіруге қатысты, бірақ бәрін жалғыз өзі өлтірмеді. Ол 15 адамды жалғыз өзі өлтіре алмады, тіпті жараланған адамның өзі тірі қалуы үшін тойтарыс бере алады. Кейін Челах өзінің жақтастары мен оқиғаның куәсі болған қорықшыны атып тастады», - деп қосты ол.

«ДАРИҒА ҚОРҒАНЫС ӨНЕРКӘСІБІН «ҚОРҒАШТАП» КЕЛДІ»

Сонымен бірге баспасөз мәслихатында әскерилер қорғаныс өнеркәсібіндегі бірқатар «былықтың» бетін ашты. Қазақстан әскери мүлікті шетелден сатып алып, оны отандық өндіріс деп көрсетіп отырған.

Полковник Мұхтар Қарабеков экс-депутат Дариға Назарбаева бұл қызметті «қорғаштап» келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бірінші кезекте отандық тауар өндірушілер орындауы тиіс. Қарулы күштерді оқ-дәрімен және киім-кешекпен отандық жеңіл өнеркәсіп қамтамасыз етуі керек болған. 

«Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жалғыз операторы «Қазинжиниринг» болды. Бұл оператор тағы бір операторды - Алматы, Талдықорған, Шымкент, Петропавл, Көкшетау және Астана қалаларында бірнеше кәсіпорынды біріктірген «Жасампаз» консорциумын дүниеге әкелді. Оған киім-кешек жеткізуге айрықша құқық алып, бұл тапсырыстарды ҚХР, Өзбекстан және Қырғызстанда орналастырды», - деді полковник.

Бұған қоса қорғаныс саласына арналған бұл мүлік шекарадан көбіне контрабандалық жолмен өткізіліп отырғанын мәлімдеді.

«Бұл мүлік шекарадан негізінен контрабандалық жолмен келіп отырды. Қазақстанда оны бізде жасалғандай етіп беріп, Қорғаныс министрлігіне тапсырды. Олардың артында кім тұр? Оған Дариға Назарбаева қорғаштап, жетекшілік етті», - деп қосты Қарабеков.

Бұрынғы әскерилер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «сақалдыларды» қалай даярлағаны жайлы да егжей-тегжейлі айтып беруге уәде еткен. Бірақ, ол бойынша сөйлейтін спикер жерлеу рәсіміне қатысу себебінен бүгінгі отырысқа қатыспаған.

«ӘСКЕРИЛЕР ТҮРМЕДЕ ЕМЕС, САПТА ТҰРУЫ КЕРЕК»

Алматы адвокаттар алқасының мүшесі Сәуле Қабжанованың айтуынша, сотталған әскерилердің көбінде адвокат қызметін пайдаланатындай материалдық жағдай жоқ.

«Мен барлық іспен таныстым. Заңгер ретінде бұл адамдардың кінәсіз екенін айта аламын. 37 генерал, полковник пен подполковник заңсыз сотталды. Олар кіл мықты әскерилер, түрмеде емес, сапта тұруға тиіс еді. Бұлар әскери ортадан басқа өмірге үйренбеген. Азаматтық өмірде олар өздерін таба алмайды. Көбі қазір такси қызметімен ақша табуға мәжбүр. Жылдар бойы бұл мамандарды дайындауға қаруар ақша жұмсалды. Жекелеген адамдардың амбициясына бола бір күнде заңсыз сотталып кетті», - деді заңгер.

Адвокаттың пікірінше, әскери прокуратура мен тергеу органдары әскерилерді жаппай соттау арқылы өздерінің қажеттілігін дәлелдеуге тырысып жатыр.

«Қарап отырсақ, әскерилердің жаппай сотталуы соңғы жылдарға келіп отыр. Әскердегі мықты кадрларды құртып, қолдан құлдыратып жіберген сияқты. Бұл қорқынышты тенденция. Не үшін істелді? Саяси тапсырыс болды ма? Заңгер ретіндегі пікірім: мұның бәрі мүлдем қажетсіз әскери-тергеу басқармасы мен әскери прокуратураның қажеттілігін ақтау үшін жасалып отырған сияқты. Бұл екі құрылым мүлде керек емес. Олар өздерін ақтау үшін істі қолдан жасап, фальсификациялайды», - деп толықтырды ойын.  

Соңғы жылдары сотталған 157 әскери қызметшінің 7-еуі Жоғары соттың шешімімен толық ақталды. Олардың әрқайсына жұмыс істемеген жылдары мен моральдық шығын ретінде орта есеппен 20 млн теңгеден өтемақы төленген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама