×

«Бюджетті халықтан қорғау министрлігі». Еңбекмині депутат Смайыловтың пікірімен келіспейді

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов ведомство жұмысын қатты сынға алған еді

 Халық үні 26.11.2021 | 10:37
Ерлан Смайылов, фото: parlam.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мәжіліс депутаты Ерлан Смайыловтың вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында келтірген пікірімен мүлдем келіспейді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов сауалында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзіне тиесілі міндетін атқарып отырмағанын айтып, «Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын «бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп өзгерту керек» деген пікір білдірді.

Еңбекмині халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін нендей шаралар қабылдағанын айтты.

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарлануда.

Осының нәтижесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға және базалық зейнетақы төлемі 5%-ға артады. Тиісті мақсатқа 2,9 трлн теңге қарастырылған. Бұл шара 2,3 млн зейнеткерге қатысты.

Барлық әлеуметтік жәрдемақының мөлшері де 5%-ға артады. Аталмыш мақсатқа 1 трлн теңге көзделген. Бұл 1,9 миллион алушының табысының артуына әкеледі, - делінген ведомство жауабында.

2022 жылы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 3,9 трлн теңге көзделуде. Бұл 2021 жылғы шығыстарға қарағанда 295,4 млрд теңгеге көп және Еңбекмині шығыстарының 92%-ға жуығын құрайды.

Сонымен қатар, Еңбекмині бюджетіне 900 мыңнан астам адам үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге және 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруге 85,1 млрд теңге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге 22,7 млрд теңге көзделген.

Депутат Смайылов ұсынған жәрдемақылар мен зейнетақыларды «ең төменгі жалақыны 41%-ға еселеп арттыру» бастамасын іске асыруға тек 2022 жылға қосымша 2,4 трлн теңге қажет болады.

Мәселен, алдағы жылға арналған республикалық бюджеттің білім беру (1,9 трлн теңге) немесе денсаулық сақтау (1,8 трлн теңге) жүйесіне арналған шығыстарынан асып түседі.

Депутаттың Еңбекмині қазақстандықтардың еңбек құқықтарын жеткіліксіз дәрежеде қорғайды деген пікіріне қатысты биылғы 10 айда республиканың 847 кәсіпорнында мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешекті анықтағанын атап өту қажет. Қабылданған шаралардың, соның ішінде берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 20,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 4,9 млрд теңге төленді, - деп жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама