«Министрліктің төлем жасауға құқығы жоқ»: Дәурен Абаев сотта жеңген спортшыға қатысты пікір білдірді
Еркебұлан Қанафин 2022 жылдың мамырында Бразилияда өткен XXIV жазғы сурдлимпиада ойындарында алтын алды
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшы Еркебұлан Қанафиннің сотта жеңгеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін 30 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы іс бойынша шешім шығарылғаны хабарланды.
Сот мәдениет және спорт министрлігінің ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп таныды және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында белгіленген мөлшерде ақшалай төлем жүргізуге міндеттеді, - делінген Астана соты таратқан ақпаратта.
Дәурен Абаев жарыстардағы жеңісі үшін спортшыларға сыйақы беру заңнамамен реттелетін стандартты рәсім екенін жазды.
«Еркебұлан Қанафинге төлем жасау ережелерге қайшы келеді. Неге? Еркебұлан Қанафин дзюдодан ұлттық сурдлимпиада құрамасының мүшесі болған жоқ. Ол допингке қарсы ұлттық орталықта оқу-жаттығу жиындары, тереңдетілген медициналық тексеру немесе допинг бақылауы бойынша тексеруден өтпеді», - деп жазды Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, Ұлттық сурдлимпиада комитеті барлық ережені ескермей, спортшыны уәкілетті органның келісімінсіз өз бетінше ойындарға қатыстырды.
Сонымен қатар барлық іріктеу жарысына және жаттығу жиындарына қатысқан дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі, есту қабілеті нашар Айдос Түгелбаев жарыстан тыс қалды. Қанафиннің ойындардағы жеңісінен кейін министрліктің заң бойынша оған төлем жасауға құқығы жоқ. Себебі заңда төлем Ұлттық құрама командалардың мүшелеріне төленеді деп жазылған, - деп жазды министр.
Дәурен Абаев сот шешіміне түсініктеме бере алмайтынын, алайда Мәдениет және спорт министрлігі апелляцияға беретінін мәлімдеді.
Астана сотының хабарлауынша, шешім заңды күшіне енген жоқ. Министрлік екі ай ішінде сот шешіміне қарсы шағым жаза алады.