«Көбірек уақыт қажет болды». Павлодар облысының экс-әкімі екібастұздықтардан кешірім сұрады

Еркеғали Болатұлы

Мамандар мен әріптестеріне мәселенің жедел шешілуін тілеп отыр

фото: dzen.ru

Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылған Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook-тегі парақшасында өңір тұрғындарынан кешірім сұрады.

Құрметті жерлестер! Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, мен әрқашан да барлығын шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді, қалғанын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай – дәл сол ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема. Дегенмен, қадірлі Екібастұз тұрғындары, мен қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! - деп ағынан жарылды ол.

Айтуынша, ол төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарының жағдайын қатты уайымдаған. Сондықтан мамандар мен әріптестеріне мәселенің жедел шешілуін тілеп отыр.

Айта кетсек, кеше президент Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатқан еді. Жарлық бойынша оның орнына осы уақытқа дейін бірінші орынбасары қызметін атқарған Олег Крук әкімнің міндетін атқарушы болып тағайындалды.