×

Әбден тозған, ескірген: Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы Екібастұздағы апат туралы

Өңірдегі желілердің 80% тозған

 Айнұр Шошаева 28.11.2022 | 16:08
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы жылу электр орталықтарының көбі өткен ғасырдың ортасында салынған, бүгінде олардың орташа жасы 61 жылды құрайды. Сондай-ақ ЖЭО-дағы жабдықтардың тозуы 66%-ға жеткен, деп хабарлайды Halyq Uni

Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, еліміздегі 37 ЖЭО-ның жартысынан көбі жекеменшікке қарайды. Атап айтқанда, 10 ЖЭО мемлекеттік, 5-і квазимемлекеттік, қалғаны жеке меншікте. 

37 ЖЭО-ның жалпы қолда бар электр қуаты 6 517 МВт (электр станцияларының жалпы қолда бар қуатының 33,8%-ы), жылу қуаты 20 135 Гкал/сағ құрайды. Оларда 190 бу қазандығы, 41 су жылыту қазандығы, 132 бу турбинасы және 5 газ турбинасы жұмыс істейді, – делінген ведомство таратқан хабарламада. 

Еске сала кетейік, кеше Екібастұз ЖЭО-дағы жылу желілерінде апат болып, 150 мың тұрғыны бар тұтас қала жылусыз қалды. Өңір әкімдігі қалада төтенше жағдай жариялап, ішінара эвакуация басталды. Қазір ел болып, екібастұздықтарға гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. 

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, өңірдегі желілердің 80% тозған. 

«Мемлекеттік аппарат саладағы проблемаларды шешуге асығар емес. Соның салдарын біз Риддер ЖЭО-дағы апатты көрдік. Талдықорған мен Арқалықтағы жаңа ЖЭО-ның істен шықты, енді міне Екібастұз тұрғындары жылусыз қалып отыр. Мемлекет басшысы Павлодар облысына сапары кезінде жылу желілерінің жоғары тозуы мәселесі бойынша ауыр жағдайды да атап өтті. Әсіресе, энергонысандардың материалдық-техникалық жабдықталуы алаңдаушылық тудырады. Себебі олардың көбі әне-міне өлгелі тұрған ескі жабдықтармен жұмыс істеп жатыр», – деді ол. 

Сондай-ақ қауымдастық басшысы Қазақстанның көптеген аймақтарындағы жылу орталықтары тозып, ескі жабдықпен жұмыс істеп жатқанын айтады. 

«Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығы жылу және энергия секторы объектілері бойынша көңіл көншітпейтін болжамның есептеулерін бірнеше рет ұсынды. Мәселелердің көптігі соншалық, мұнда күрделі жөндеу туралы айтылмайды, кейбір ЖЭО-да негізгі жабдықты толық ауыстыру қажет. Мұндағы үлкен проблема – жылу желілерінің тозуы. Біз Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылу және электрмен жабдықтаудағы ушығып бара жатқан жағдайға бірнеше рет баса назар аударғаннан кейін үкімет кем дегенде процестерді жеделдетеді деп үміттендік. Бірақ, өкінішке қарай, біз  сөзден нақты іске әлі көшкен жоқпыз», – деп қосты ол. 

Бұған қоса, сарапшы билік жылу мен энергия секторына дамытуға басымдық беру керек деген пікірде. 

«Павлодар облысында өткізген қоғамдық тыңдаулар біздің сектордың қатысушыларын бұлыңғыр перспективалар күтіп отырғанын көрсетеді. Қазіргі жағдайда сала қайтадан назардан тыс қалған кезде, ешкім жылу және электрмен қамтамасыз ету объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік бере алмайды. Сондықтан, үкімет пен жергілікті атқарушы органдардан жылу және энергия секторы мәселелерін басым жоспарға қоюды сұраймыз. Біз еліміздің энергия қауіпсіздігін нығайту жөніндегі жол картасын іске асыруға көптен бері қосылуға дайынбыз. Жылыту маусымы енді басталды, содан кейін ауа-райының қалай болады деп табиғаттың мейіріміне сеніп отыру өте қауіпті қадам», – деп қорытындылады Талғат Темірханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама