«Бізде бәрі қазақша!» – деді ол
Бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ESPN арнасына қазақ тілінде ғана сұхбат берді.
Ол британиялық Дензел Бентлимен жекпе-жек алдында АҚШ-тың атақты телеарнасының студиясына шақырылып, тілшімен еліміздегі бокстың қазіргі жағдайы, спорттың осы түріне деген қызығушылығы, алдағы жоспарлары мен басқа да тақырыпта әңгімелесті. Сұхбаттан кейін боксшы қай кезде болсын, қай жерде болсын, ана тіліміздің мерейін асқақтатып, тек қазақ тілінде ғана сөйлесіп, сұхбат беретінін айтты.
Бізде бәрі қазақша! Қазақ тілі ауыл арасындағы тіл емес. Міне, Лас-Вегаста 90 млн аудиториясы бар ESPN арнасында қазақша сөйлеп отырмыз! Қазақ тілі – мақтаныш, қазақ тілі – өнер, қазақ тілі – мәдениет! – деді ол.
Осыдан кейін британиялық Дензел Бентлиді 12 раундтық кездесуде жеңгеннен кейін қарсыласы мен жалпы жекпе-жек туралы пікірін білдірді.
«Жеңіс құтты болсын, ағайын! Қазақ ұлтының мәртебесі артып, абыройы еселене берсін! Ту желбіреп, мәңгі тәуелсіздікте болайық! Бүгін маған жанкүйер болғандарыңыздай, әр қазаққа әрқашан осылай болыса алатын дара деңгейде болайық! Біз енді бастадық, Аллаға шүкір! Чемпиондық титулды сәтті қорғадық. 12 раундты да көрдік. Бұл белесті де бағындырдық. Жанкүйерлерге көп рақмет! Қолдауларыңыз өте керемет! Жеңісті күндерде жолығайық! Бірінші раундта құлатқаным – жанкүйерге жақсы, қарсыластың құламағаны – маған жақсы. Әр раундта тәжірибе жинайсың. 12 раундтық тамаша тәжірибе болды. Келесі жекпе-жектерге бұл да керек, Аллаға шүкір!», – деді ол.