×

Мұнай өнімдерінің 95 пайызын шетелден әкеліп жатқанымыз дұрыс емес – президент

Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа да шыға аламыз, - деді мемлекет басшысы

 Дастан Жұмабекұлы 08.11.2022 | 11:10
фото: afk.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесіп жатыр. Кездесуде президент өңірдің мұнай және газ өнімдерін өндірудегі әлеуетті мүмкіндігі бола тұрып, қазіргі кезде еліміздің көмірсутегі шикізатын шетелден әкеліп жатқанын атап өтті.

Осы мәселеге байланысты ол аймақтың экономикасын әртараптандыру керектігін, Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс екенін айтты.  

«Бірінші. Аймақтың экономикасын әртараптандыру қажет. Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Бұл – дұрыс емес. Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз. Тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар.

«Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге президент инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылып жатқанын, басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын, олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

«Елімізге инвестиция келіп, ірі жобалар іске асса бірнеше мың жұмыс орнын құрылады. Бұл жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді ол.

Кездесуде президент өңірдегі аса өзекті проблеманың бірі - мұнай қоймаларын барынша көбейту мәселесі болып тұрғанын айтты.

«Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады», – деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама