Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада 5 адам қайтыс болды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығына қойылатын сұрақтар барын ашық айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қайғылы жағдай болды. Депутаттардың атынан қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айттық. Әрине, бұл үлкен трагедия. Қабырғамыз қайысып отыр. Президент те қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне тапсырма берді. Оқиғаның мән-жайын анықтау және қаза болған кеншілердің отбасына көмек көрсету туралы», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сенатор апат салдарын тексеруге кіріскен комиссия қорытындысын күтетінін жеткізді.
Біз өз тарапымыздан комиссия жұмысының нәтижесін күтеміз. Ол ұзақ болмайды деп ойлаймын. Егер қажет болса, заңдарға өзгеріс енгіземіз, - деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына қойылатын сұрақтар барын атап өтті.
«Жалпы осындай қайғылы жағдай болған кәсіпорынның меншік иесі мен акционерлерге сұрақтар бар. Менің ойымша, акционерлер оларға тиесілі шахта мен өндіріс орындарда еңбек қауіпсіздігі толық сақталуы үшін тиісті шараларды қабылдауы керек. Бұл мәселені Сенат депутаттары бақылауға алады», - деп түйіндеді сөзін Сенат төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі Ленин атындағы шахтада газ тарап, салдарынан 5 кенші қаза тапқаны хабарланған еді.