×

Еуропа одағы Путиннің сөздеріне баға берді

«Оның айтқандарының бәрін керісінше қабылдау керек», – деп мәлімдеді ЕО

 Дастан Жұмабекұлы 31.10.2022 | 10:10
фото: rbc.ru

Еуропа одағы Ресей президенті Владимир Путиннің «Валдай» клубында сөйлеген сөзіне баға берді. Бұл туралы DW («Неміс толқыны») хабарлады.

Айта кетсек, Сочидегі «Валдай» клубының жиыны 27 қазанда өткен болатын.

Путиннің сөздеріндегі «дұрыс емес» делінгендерді – «дұрыс» деп, ал «шындық» дегендерін «жалған» деп, бәрін керісінше қабылдау керек, – деп мәлімдеді ЕО сыртқы саясат қызметінің өкілі Набила Массрали Брюссельде берген брифингінде.

Оның айтуынша, тап осы Ресей Украинаға қарсы заңсыз, себепсіз соғыс жүргізіп жатыр, тап РФ қарулы күштері Украинаның бейбіт тұрғындарына, әйелдер мен балаларға қарсы айуандық көрсетіп, соғыс қылмыстарын жасап жатыр.

 «Халықаралық құқықтар мен БҰҰ жарғысын өрескел бұзып жатқан да Ресей, ал оның агрессиялық әрекеттері тек Еуропаның  бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге зардаптары зор қатер төндіріп жатыр», – деді Массрали.

Путиннің Киев «лас бомба» жасап жатыр деген байбаламын Еурокомиссияның өкілі негізсіз деп атады. «Ресей дәл бұрынғысындай, қазір де өзінің айыптауларын әлдеқандай айғақтармен дәлелдеп бере алмай отыр», – деген ол Мәскеудің 24 ақпанда кең ауқымды шабуылмен Украинаға басып кіруін ақтау үшін алға тартқан бұл елде биологиялық қару жасалып жатыр деген мәлімдемесінің де ойдан шығарылған жалған нәрсе екенін еске түсірді.

«Егер Ресей болмағанда, бұл соғыс та болмас еді. Мәскеу егер өзінің әскерлері мен әскери техникаларының бәрін бүкіл Украина территориясынан алып кетсе, бұл соғыс бүгін-ақ аяқталады», – деп сөзін түйіндеді Набила Массрали.

27 қазанда РФ президенті Владимир Путин «Валдай» пікірталас клубының отырысында сөйледі. Ол өз сөзінде Ресей ядролық қару қолданатын болып қоқан-лоқы жасаған жоқ, тек батыс лидерлері тарапынан жасалған «ядролық бопсаға» жауап қайтарды деп айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама