Halyq Uni логотип
×

Сот шешіміне жартылай көңілім толды – Елжан Біртанов

Сот 1,3 млрд теңгені 3 айдың ішінде мемлекетке қайтаруды міндеттеді

 Айнұр Шошаева 28.10.2022 | 17:57

Астанада сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты бес жылға бас бостандығы шектеу туралы үкім шығарды. Алайда экс-министр сот үкіміне жартылай көңілі толатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Сот шешіміне жартылай көңілім толды. Себебі бірінші қылмыс – санитарлық авиация бойынша сот мені ақтады. Екінші іс – цифрлық платформа бойынша сот шешіміне келіспейміз. Сот шешімі қабылданды. Заң бойынша адвокаттармен ақылдасып, қажетті шаралар қабылдаймыз. Себебі біздің позициямыз анық – Олжас Әбішев екеуміз қызметімізді мемлекет үшін атқардық. Бұл қиын жоба болды. Денсаулық сақтау министрлігінің арызы бойынша да қарсылық білдіреміз», – деді Біртанов сот үкімі шыққаннан кейін.

Айта кетейік, бүгін Елжан Біртановқа сот үкімі шыққан еді. 

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген. Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.

«Біз ондай ақшаны қалтамызға салған жоқпыз. Бір де бір тиын бюджеттен алған жоқпыз. Қажетті барлық ақпарат бар. Ол шетелдік компанияға түсті. Енді денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасады деп сенеміз, себебі ақшаны шығару керек. Бізде ондай ақша жоқ», – деді Елжан Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі сотта жеңіске жеткенін айтып өтті.

«Сот бүгін осындай шешім қабылдады. Әрі қарай абыройымызды қорғау үшін бәрін саламыз», - деді Біртанов.

БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.

Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда оған мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін 5 күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа, Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

Сот санавиация ұшағын пайдалану бойынша Біртановты кінәсіз деп таныды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама