«Ел тыныштығына қайшы»: Бір топ депутат прокуратураға Мухоряповтың үстінен шағым түсірді
Депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдайтын уақыт келгенін айтты
Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қазақ тіліне қатысты дөрекі мәлімдемесінен кейін сынға ұшыраған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен Бас прокурор Берік Асыловқа шағым түсірді. Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қоғамдағы қазіргі туындап отырған жағдайлар Мемлекет тілдің мәртебесі туралы заң қабылдаудың уақыты келгенін де көрсетіп отыр. Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеудің «мәдениетсіздік» екенін айтып, қоғамда дау туғызған Рамиль Мухоряповқа заң аясында шара қолдану жөніндегі депутаттық сауалды, Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының бірнеше мүшесі қол қойып, Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов мырзаға жолдады», - деді Еділ Жаңбыршин.
Депутаттардың пікірінше, кәсіпкер Рамиль Мухоряпов әрекеті ұлттық мүддеге қайшы келеді.
Қазіргі таңда еліміздегі миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандату оқиғалары орын алуда. Соның бірі қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне және мәдениетіне қатысты әлеуметтік желіде тараған мәлімдемесі қоғам ішінде әлеуметтік наразылық туғызуда. Мұндай әрекет Тәуелсіздігімізге, Ұлттық мүддемізге, ел тынышытығына қайшы және нұқсан келтіреді деп есептейміз! Әрбір қазақстандық азамат Қазақстанның Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті. Құрметті Берік Ноғайұлы! Сізден, жоғарыда аталған мәселеге байланысты арандатушылық іс-әрекетке барған Рамиль Мухоряповқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174-бабы 1-тармағана сәйкес құқықтық шара қолдануыңызды сұраймыз, - деп жазылған Бас прокурорға жолданған депутаттық сауалда.
Айта кетейік, осыған дейін мәжіліс депутаты Рамиль Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғауды талап еткен еді.