Мемлекет басшысы «Ұлы дала жорығы» бәйгесіне ризашылығын білдірді
Ол «Тұлпар мініп ту алған» жалпыұлттық эстафетасының да маңыздылыңын атап өтті
Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімінде елімізде өткізіліп жатқан отансүйгіштік іс-шаралардың патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын атап өтті.
Ол осыдан бірнеше жыл бұрын өткен «Тұлпар мініп ту алған» жалпыұлттық эстафетасы мен жақында Астанадан Түркістанға дейін жалғасқан «Ұлы Дала жорығы» атты аламан бәйге мен басқа да патриоттық іс-шараларға жақсы бағасын берді.
«Бабаларымыз бостандыққа қол жеткізу үшін күресті. Біздің буын егемен елдің негізін қалап, тұғырын бекіту үшін қызмет етіп жүр. Ал, ендігі ұрпақ қастерлі тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау үшін еңбек етуге тиіс. Бір сөзбен айтсақ, біз бұған дейін мемлекеттілігімізді нығайтуға баса мән бердік.
Енді азаматтардың мемлекетшілдік сана-сезімін арттыруға да жете көңіл бөлуіміз керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тұлпар мініп ту алған» жалпыұлттық эстафетасы өткенін білесіздер. Астанадан Түркістанға дейін жалғасқан «Ұлы Дала жорығы» атты аламан бәйгеге бүкіл ел көз тікті», – деді ол.
Мемлекет басшысы бұған дейін де «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің маңыздылығын айтқан болатын.
Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан –халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені, – деген еді президент.
Сонымен бірге ол жақында Amanat партиясының «Жастар рухы» қанатының бастамасымен «Менің елім – менің туым» атты акция басталғанын, мұның бәрі – елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маңызды жобалар екенін, осындай жолдар арқылы да жастарды отаншылдыққа баулитын ұтымды әдіс-тәсілдерді іздестіруіміз керектігін атап өтті.
«Елімізде мұндай мысалдар көп. Бұл саладағы ең озық тәжірибені халық арасында кеңінен дәріптеуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – Республика күні өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналады деп сенемін», – деді президент.