×

Қазақстан тәуелсіздікті кездейсоқ алған жоқ – Тоқаев

«Еліміз азаттығын ең соңғы болып жариялады» деген сөз - сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі

 Дастан Жұмабекұлы 22.10.2022 | 11:17
фото: ашық дереккөз

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім болып жатыр.

Оның ашылу рәсімін мемлекет басшысы сөз сөйлеп, ашты.

«Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн, –  деп Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Одан кейін ол еліміздің егемендігі туралы декларацияның мәні мен маңызы туралы атап өтті.

«1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», –  деді ол.

Кездесуде президент елімізге мемлекеттік тәуелсіздік кездейсоқ келмегенін, оған жетудің жолы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталғанын жасырмады.

«Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі.

Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді», –  деді президент.

Оның айтуынша, Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады.

«Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.

Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады»

«Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында», –  деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама