×

Қаңтар оқиғасы: Белсенділер күштік құрылым қызметкерлеріне рақымшылық жасалатынына наразы

Рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам ілігуі мүмкін

 Халық үні 20.10.2022 | 11:57
Коллаж: Халық үні

Мәжілістің жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам ілігуі мүмкін. Олардың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, ұрлық жасағандар екені айтылды.

Сондай-ақ құқық қорғау органының бір қызметкері рақымшылыққа ілігуі мүмкін.

Белсенділер қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған рақымшылық құзырлы орган қызметкерлеріне қолданылады деп алаңдаулы.

ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН

Рақымшылық туралы заң жобасына қылмыстық кодекстің 102-бабы («қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру»), 103-бабы («қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттiшаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру»), 104-бабы («абайсызда қазаға ұшырату») енген.

«Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина қылмыстық кодекстің 99-бабы «адам өлтіру» 102, 103, 104-баптарға ауыстырылып, құзырлы орган қызметкерлері жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады. 

«Қаңтар оқиғасы бойынша 99-бап бойынша қозғалған істің барлығы 102, 103, 104-баптарға ауыстырылады. Халыққа оқ атқан әскерилер мен күштік құрылым қызметкерлері рақымшылыққа ілігіп, жауапкершіліктен құтылады. 238 адамның өліміне ешкім жауап бермейді», – дейді Төреғожина.

Ол 99-бап бойынша қозғалған істердің ұзаққа созылғанын, қаза тапқан адамдардың үстінен бірнеше бап бойынша іс қаралып жатқанын айтты. 

«238 іс қозғалды. Барлығы 99-бап бойынша екені түсінікті. Қаза тапқан адамдардың үстінен 269-бап («ғимаратты басып алу») және 272-бап («жаппай тәртіпсіздік») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұдан да өзге баптар бар...», – деді Төреғожина.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы рақымшылық полиция қызметкерлерінің жазасын жеңілдету үшін жасалған деген пікірде.

«Погон таққандардың, мемлекеттік қызметкерлердің жазасын жеңілдетіп отыр. Соларға рақымшылық көбірек жасалып жатыр. Оларға рақымшылық жасаудың түкке керегі жоқ. Олар өз қызметтерін дұрыс атқара алмады. Қызметін асыра пайдаланды. Оқ атты. Күш қолданды. Сол үшін жауап берсін. Адамдарды заңсыз жауапкершілікке тартқан, қылмыстық іс қозғаған тергеуші, прокурор, соттарды жауапкершілікке тарту керек. Оларды соттамаған күннің өзінде, қызметінен алып, бұл саладан аластау қажет. Сонда ғана әділдік болады», – дейді Сәрсенбайұлы.

РАҚЫМШЫЛЫҚ ПЕН ПРОЦЕСУАЛДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Адвокат Жалғас Сапарханова рақымшылық мен процессуалдық келісімнің бір-бірінен айырмашылығы жоқ деп санайды. Оның сөзінше, рақымшылықпен босатылған адамның биографиясында «істі болған» деген статус өмір бойына жазылып қалады.

«Қазір үстінен қылмыстық іс жүріп жатқан азаматтар сотқа рақымшылық жасауды сұрап арыз түсіретін болады. Содан кейін рақымшылыққа байланысты ісі қысқартылады. Бірақ егер іс тергеу кезінде рақымшылыққа іліксе, ол өмір бойы деректер базасында қалады. Ертең азамат соттылығы туралы анықтама алатын болса, онда «рақымшылық актісі бойынша қылмыстық ісі қысқартылған» деп тұрады. Рақымшылық актісін қолдануды сұраудың арты кінәсін мойындап, өкінгендігіне алып келеді. Бұның прокурормен жасалатын процесуалдық келісімшартпен бірдей деуге болады», – дейді Сапарханова.

Ал заң жобасында теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады деп көрсетілген. Олар бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтеген адамдардан сотталғандығы алынады деп жазылған.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жасаған жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты бір реттік рақымшылық жариялайтынын мәлімдеді. Рақымшылыққа террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасаған, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдар ілікпейді.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қайтыс болды.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама