×

Қаңтар оқиғасына қатысқан 1,5 мың адам рақымшылыққа ілігеді

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

 Дәурен Ерболат 19.10.2022 | 13:38
коллаж: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Президент қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың айтқанына ергендерге аяушылық танытуға шақырды. Мемлекет ауыр қылмыс жасамаған қатысушылар үшін жазаны жеңілдетті. Бүгінде 1060 адам сотталды, олардың тек 106-сы бас бостандығынан айырылды», - деді депутат Гүлнар Бижанова.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталды. Ол үшін нақты уақыт аралығы белгіленген: 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығы.

«Қылмыстық кодекстің әрбір адам бойынша нақты баптарын көрсете отырып, осы оқиғаларға қатысты барлық іске талдау жасалды. Құжатта қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз орташа қылмыстар үшін жазадан босату ескерілген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандардың мерзімін қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстарға мерзімнің жартысы қысқарады», - деді депутат.

Сондай-ақ құжатта рақымшылыққа кімдер ілікпейтіні нақты көрсетілген.

«Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады. Заң жобасын іске асыру қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Гүлнар Бижанова.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама