×

Ресей Орталық Азиядағы беделінен айырылып барады –  БАҚ

Британдық басылым Рахмонның мәлімдемесін Путин үшін қорлық дегенге келтірді

 Дастан Жұмабекұлы 16.10.2022 | 12:09
фото: ашық дереккөз

Ұлыбританияның Daily Mail басылымы Астанада «Ресей – Орталық Азия» саммиті өткен соң, ТМД мемлекеттерінің кейбір басшылары қатысқан осы басқосу туралы материал жариялады. Онда Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның Ресей президенті Владимир Путинге қарата айтқан айыптауларына сараптама жасады.

Басылымда шыққан материалға қарағанда, Ресей Орталық Азиядағы беделінен айырылып барады. Оған дәлел ретінде Тәжікстан басшысының өңірдегі елдердің президенттерінің көзінше Путинді Ресейдің өркөкіректігіне байланысты айыптауларын айтуға болады. Атап айтқанда, британдық басылым Рахмонның мәлімдемесін Путин үшін қорлық дегенге келтірді.

Рахмонның сөзінен кейін Путин ешқандай құрмет көрсетілмейтін президентке айналды. Осының өзінен Ресейдің Орталық Азиядағы беделінен айырылып бара жатқанын көруге болады, - делінген материалда.

Осы кездесуде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресейлік әріптесі Владимир Путинге Орталық Азия елдеріне бұрынғы КСРО-дағыдай өктемдікпен қарамауды сұраған болатын. Саммитте тәжік басшысы Путиннің жеке өзіне қарата сөйлеп, Тәжікстан барлық уақытта РФ-ның мүдделерін өзінің басты стратегиялық әріптесі ретінде құрметтегенін, алайда Ресей Орталық Азия елдеріне әлі күнге дейін «көзілдіріктің үстімен», «көздің астымен» қарайтынын, өздерімен тең көрмей, кемсіте беретінін айтты.

 «Сіз бен біз Кеңес Одағы ыдырауының куәсі болдық. Дәл қазіргі сияқты біз кіші республикаларға, аз халықтарға назар аударылмағанына да куә болдық. Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ескерілмеді. Дамуға қолдау көрсетілмеді. Кеше сіз Тәжікстаннан РФ-ға барған екі миллион мигранттар туралы айтып қалдыңыз, мен біздің екі миллионнан астам азаматымыздың РФ-ға тек табыс табу үшін ғана емес, сонымен бірге онда тағы оқып, ем алатындарын да айтқым келеді», – деді Эмомали Рахмон.

Оның айтуынша, Ресей Орталық Азиямен азық-түлік ынтымақтастығын жүргізіп, тауар айналымын дамытып келеді. Алайда, ешқашан тепе-теңдік қатынас танытпайды. Бұдан тек Ресей ғана ұтады.

«Неге Тәжікстандағы бейшара бір форумға тым құрығанда министрдің деңгейіндегі адам келсін деп біздің жалбарынғанымызға, менің сыртқы істер министрлігіне тапсырма бергеніме, тіпті сізбен сөйлескеніме қарамастан, өтінішіміз орындалмайды? Жоқ, бізге келетіндер министрлер орынбасарлары деңгейінен аспайды. Міне, Тәжікстанның стратегиялық әріптес болып тұрғандағы қол жеткізгені осы. Әлде біз де солай етіп жүрміз бе? Рас, біз 100-200 миллион емеспіз. Бірақ біз өзімізді сыйлағанды қалаймыз. Біз қай жерде тәртіп бұзып қойыппыз? Қай жерде дұрыс амандаспадық?

Біз қашаннан өзіміздің басты стратегиялық әріптесіміздің мүдделерін (Ресей Федерациясы тұрғысында – ред.) құрметтейміз. Біз өзімізді де солай құрметтесе дейміз. Біз не, жатжерлікпіз бе? Бізге көп ақша тықпалап қажеті жоқ. Владимир Владимирович, сізге өтініш, Орталық Азия елдеріне көзқараста бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегідей саясат болмасын», – деді Эмомали Рахмон.

Әрбір елдің өз проблемалары, мәселелері, дәстүрлері мен салттары бар, деп атап өтті Тәжікстан президенті. Ол Орталық Азия елдері мен Ресейдің көрші екендіктеріне, олардың бір-бірлерінен ешқайда кетіп қала алмайтындарына назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама