×

«Күрделі әңгіме болды». СІМ ресейлік елшімен арада қандай әңгіме болғанын жариялады

Қазақстан билігі Ресейдің елшісін сыртқы істер министрлігіне шақырды

 Халық үні 06.10.2022 | 14:00
Алексей Бородавкин, ресейлік елші

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Алексей Бородавкинмен арада не әңгіме болғанын хабарлады.

«Ресей елшісі Сыртқы істер министрлігіне байыпты әңгімеге шақырылды. Біз Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың тең құқылы стратегиялық серіктестік рухына сәйкес келмейтін мәлімдемесін талқыладық. Әңгімелесу күрделі болды», - деді СІМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевский қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұқбатында «Орыстарды барынша қырып-жою керек. Қазір біз мейлінше олардың көзін жойсақ, ертең біздің ұрпағымыз қан төкпейтін болады» деген пікір айтқан.

Кейін Петр Врублевский дөрекі сөздері үшін кешірім сұраған.

2022 жылдың 4 қазанында Ресейдің сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Украина елшісі Петр Врублевскийдің Астанаға қайта оралып, елшілік жетекшісі ретінде дипломатиялық кездесулерге қатысып жүргеніне назар аударды.

«Бұл адам Қазақстанның астанасында қайта пайда болды. Ол «жүгін жинап, отбасын алып кету» үшін келмегені көрініп тұр. Ешкімнен жасырынбай дипломатиялық кездесулерге қатысып жүр. 4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаевты шақыртып алып, бұндай жағдайдың қолайсыз екенін мәлімдеді», – деді Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарованың мәлімдемесіне СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров түсініктеме беріп, Ресейдің Украина елшісін Қазақстаннан шығару туралы мәлімдемесі қос елдің одақтастық сипатына қайшы келетінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама