Пәтерін жалға берушілерге жаппай салық салу қайта басталады
Коронавирус күшейген тұста 84 мыңнан аса жалға берушіге жеңілдік жасалған еді
Пандемия кезінде салықтан босатылған пәтер иелері келесі жылдан бастап қайта салық төлейді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, коронавирус күшейген тұста пәтерді жалға берумен айналысатын 84 мыңнан аса кәсіпкерге жеңілдік жасалған. Олар 3 жыл салық төлеген жоқ. Енді олармен қоса, тұрғын үй жалдау нарығында жасырын жұмыс істейтіндерді де тіркеп, салық төлету көзделіп отыр.
Еске сала кетсек, таяуда ғана премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінде пәтерді жалға берушілерді тексеру өте қиын екенін айтқан еді. Күрт қымбаттап кеткен бағаны реттей алмайтындарын да алға тартқан болатын. Алайда пәтерін жалға берумен заңды-заңсыз айналысып жатқандардың бәріне салық төлету аса қиындық тудырмайтынға ұқсайды.