«Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ке айналған Сбербанкті жеке меншікке сатады
Банктің қазіргі меншікті капиталы 150 млрд теңге
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі Bereke Bank-тың (бұрынғы Сбербанк Қазақстан – ред.) қазір ресми рейтингі жоқ, санциядан кейін рейтингтік агенттіктер Сбербанк Қазақстаннан рейтингті алып тастады, деп хабарлады «Бәйтерек» холдингі Halyq Uni редакциясына берген ресми жауабында.
«Алайда алдағы уақытта банктің кредиттік рейтингін қалпына келтіру мәселесі пысықталатын болады, тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады холдинг.
Мемлекетке өткен банктің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жедел қаржылық есебіне сүйенсек, банктің активтері 2,6 трлн теңге, міндеттемелері 2,4 трлн теңге және меншікті капиталы 150 млрд теңге.
Сонымен қатар холдингтің мәліметінше, банк қызметі толық қалпына келтірілетін болады, яғни ребрендинг жасалады, VISA, Master Card халықаралық төлем жүйелерімен, мобильді қосымшалармен жұмыс қалпына келтіріледі, SWIFT-код ауыстырылады, рейтинг алу және өзге рәсімдер жүргізіледі.
«Клиенттік ағынды, депозиттік және кредиттік база көлемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, бұл банктің бұрынғы тұрақтылық деңгейін қалпына келтіруге ықпал етеді», – дейді холдинг..
Сонымен қатар осы жұмыстар аяқталғаннан кейін холдинг банкті қайтадан жеке секторға сататынын мәлімдеді.
Қолданыстағы шектеулер алынғаннан кейін, холдинг банкті бәсекелі ортаға беру бойынша іс-шараларды жүзеге асырмақшы. Халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ басқа да институционалдық инвесторлар банктің әлеуетті сатып алушылары бола алады, – делінген ресми жауапта.
Холдингтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда банк ешбір мемлекеттік бағдарламаның операторы емес және ондай жоспары жоқ. Банктік қызметтің стандартты және дәстүрлі құралдары шеңберінде жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда ресейлік Сбердің үлескер компаниясы Сбербанк Қазақстанды «Бәйтерек» холдингі сатып алғаннан кейін аты Bereke Bank деп өзгертілген еді.