Ресейдегі дағдарыстың Орталық Азия елдеріне пайдасы мен зияны
Қазақстан банктеріне жаңа клиенттер ағылып жатыр
Еуропалық қайта құру және даму банкінің «Аймақтық экономикалық перспективалар» кезекті баяндамасы жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Баяндамада Орталық Азия елдерінің көбі Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысынан соғысынан туындаған геосаяси шиеленістерге әзірге төтеп беріп отырғаны айтылған.
ЕҚДБ аймақтың ІЖӨ 2022 жылы 4,3%, 2023 жылы 4,9% өседі деп болжайды.
Қазақстан мен Түркіменстан мұнай мен газ бағасының қымбаттауынан рекордтық табыс тауып отыр. Ал Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанға Ресейден аударылатын ақша айтарлықтай көбейді. Өйткені Ресейде еңбек мигранттарының қызметіне сұраныс артты. Жалпы Орталық Азия елдерінде жалақы мен мемлекеттік кірістер қарқынды өсіп келеді, деп жазады ЕҚДБ.
Соғыс басталғанда күрт құлдыраған Орталық Азия елдерінің ұлттық валюталары қазір тұрақталды. Қаржы реттеушілері қайталама санкцияларға ұшырап қалмауы үшін мәжбүрлеу шараларын қолға алды. Бүгінгі таңда Орталық Азияның барлық экономикаларының алдында тұрған ең өзекті мәселе – инфляция. Қазір өңірдегі тұтыну бағасының инфляциясы 10%-дан 16%-ға дейін, бұл мақсатты диапазоннан едәуір асып түседі, бұл халыққа ауыр тиеді және құрылымдық реформалар мен фискалдық консолидацияға қауіп.
IT МАМАНДАРЫ ӨЗБЕКСТАНҒА АҒЫЛДЫ
Өзбекстан экономикасы 2021 жылы 7,4% өсіп, қазір сол қарқынды жалғастырып жатыр. Оның ең басты себептерінің бірі Ресейден ақша аударымдары былтырғымен салыстырғанда 96% өскен.
Өзбекстан үлкен және серпінді жұмыс күшінің, ішкі нарықтың сыйымдылығының, өңдеуші салаларды әртараптандырудың және нарықтық реформалардағы ілгерілеудің арқасында экономикалық дамудың өте жылдам қарқынын сақтап отыр. ЕҚДБ өз экономикасының өсімін 2022 жылы 5,5% және 2023 жылы 6,5% деңгейінде болжайды.
Мыңдаған орыс тілді IT мамандары мен компаниялар Өзбекстанның IT-паркі сияқты арнайы экономикалық аймақтарды пайдалана отырып, өз бизнесін Орталық Азияға көшіруде және көшіріп жатыр. Нәтижесінде, Орта Азия елдерінің ірі қалаларында жылжымайтын мүлік нарығы жанданып, қонақ үй бизнесі мен қоғамдық тамақтандыру секторы қарқынды дамуда.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕР РЕСЕЙ МЕН БЕЛАРУСЬ АЗАМАТТАРЫН ТАРТЫП АЛДЫ
Ресейге экономикалық тәуелділікке қарамастан, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан экономикасы бір жылда 3,4%-ға өсті.
Қазақстандағы банктер Ресей мен Беларусь сияқты санкцияларға ұшыраған елдерден жаңа клиенттер тартып жатыр. Банктің мәліметінше, Орталық Азияның кей елдеріне ресейліктер төлем карталарын ашып, өздерінің шетел валютасында жинаған қаражаттарын аударып жатыр.
«Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Ресейге компьютерлер, тұрмыстық техника мен электроника, автомобиль бөлшектері, электр және электронды компоненттердің реэкспортынан пайда көреді», делінген баяндамада.
Қазақстан мұнайының экспорты 2014 жылдан бері алғаш рет 42,2 миллиард долларға жетті. Оған бағаның қымбаттауы мен тасымалдың да 10 пайыз артуы ықпал етті.
ЕҚДБ хабарлауынша, Қазақстан үшін мұнайды Ресей арқылы тасымалдау әлі де болса үлкен кемшілік болып отыр.
Қазақстан үшін қазір ең басты міндет фискалдық шоғырландыру шараларын жүзеге асыру және реформа жасау. Жалпы алғанда, экономика 2022 жылы 3,0% және 2023 жылы 3,5% өседі деп күтілуде.
ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСЕЙГЕ ҚЫТАЙ ТАУАРЛАРЫН САТУДЫ КӨБЕЙТТІ
Рубльдің нығаюы және Ресейдегі импорттық жұмыс күшіне сұраныстың жоғары болуы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қырғыз Республикасына ақша аударымдарының 11%-ға арттырды. Бұл ішкі сұранысты қолдап, өнеркәсіптік өндірістің, туризмнің, сауданың және жол жүктерінің өсуін қамтамасыз етті.
Ел мемлекеттік сектордағы жалақының өсуі мен білікті жұмыс күшіне сұраныстың жоғарылауына байланысты нақты жалақының өсуі бойынша ЕҚДБ аймақтарында көш бастап тұр.
Қытай тауарларын Ресейге реэкспорттау қырғыздың шағын компаниялары мен жеке тұлғаларының негізгі қызметінің біріне айналды.
Құмтөр алтын кеніші төңірегіндегі ұзақ уақытқа созылған қақтығысты шешудегі үкіметтің табысы шетелдік инвесторлардың сенімін қалпына келтіруге көмектесті, тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағыны 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында шамамен екі есе өсіп, 628 миллион долларға жетті.
Алдағы жылдары ЕҚДБ гидроэнергетика және теміржол секторларындағы ірі жобаларға одан әрі ТШИ күтеді.
Ел экономикасы реэкспорт, ақша аударымдары және ресейлік компаниялар мен жеке тұлғаларды көшіру мүмкіндіктерін арттырудан пайда табуы мүмкін. ІЖӨ өсімі 2022 және 2023 жылдары 7,0% деңгейінде болжануда.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда 1991 жылдан бері Орталық Азияның бес елінің қайсында өмір сүру қолжетімді екенін жазған едік.