×

Үй, көлік, тамақ және коммуналды қызмет Орталық Азияда қай елде қолжетімді?

Бес елдің ішінде экономикасы ең баяу өскен ел – Қазақстан

 Бауыржан Мұқанов 15.09.2022 | 15:07
Коллаж: Halyq Uni

1992 жылдан бастап Орта Азиядағы бес ел эконмоикасы толығымен бөлінді. Алғашқы жылы Қазақстаннан басқа төрт елдің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі шамалас болды. Атап айтқанда, Өзбекстанның жан басындағы ішкі жалпы өнімі 603 доллар, Қырғызстандікі 513 доллар, Түркіменстандікі 420 доллар, Тәжікстандікі 391 доллар болған.

Ал Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі бұл кезде, 1992 жылы 7,2 мың долларды құрады. Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылы мұнай бағасы орташа есеппен 20 долларға жетер-жетпес болған. Арада 30 жыл өткенде, мұнай бағасы 5 еседей өскеде Қазақстанның жан басына шаққандағы ІЖӨ бар болғаны 1,6 есе өсіп 2021 жылы 11,3 мың долларды құрап отыр. 

Осы аралықта көрші төрт елдің экономикасы бізден салыстырғанда жақсырақ өскен. Мәселен, Өзбекстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 1,7 есе өсіп 963 долларға жетсе, Қырғызстанда 2,2 есе өсіп 1,1 мың долларға, Тәжікстанда 2,3 есе өсіп 890 долларға жетті. Түркіменстанда тіпті көрсеткіш 18 есе өсіп 7,7 мың долларға таяды. 

Дегенмен, халықтың тұрмыс-тіршілігі макроэкономикалық көрсеткішке тікелей байланысты бола бермейді. Осы орайда, Halyq Uni әр елдегі тұрмыстағы ең маңызды тауарлар мен қызметтердің құнын есептеп, салыстырып көрді. 

ЖАЛАҚЫ КӨЛЕМІ ІЖӨ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫНА ЖЕТПЕЙДІ 

Жоғарыда көрсетілгендей, Қазақстан экономикасының өсімі баяу болғанымен, жан басына шаққандағы ІЖӨ Тәжікстандағыдан 13 есе, Өзбекстандағыдан 11 есе, Қырғызстандағыдан 10 есе, Түркіменстандағыдан 1,5 есе көп. 

Алайда халықтың табысы осыншалықты есе көп емес. Мәселен, қазақстандықтар тәжікстандықтардан 3,8 есе, қырғызстандықтардан 2,2 есе,  өзбекстандықтардан 1,9 есе, түркіменстандықтардан 1,8 есе ғана көп.

ПӘТЕР ЖАЛДАУ ҚЫРҒЫЗСТАНДА, САТЫП АЛУ ТӘЖІКСТАНДА АРЗАН

Халықтың тұрмысына жалақының тікелей қатысы бар дегенімізбен, елдегі қымбатшылық пен сатып алу қабілеті әрқалай бола беретінін де ескеру керек. Бұл тұрғыда, Түркіменстанда үй бағасы басқа төрт елмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Бұл экономиканың құрылымына байланысты болса керек. 

Бір қызығы Қазақстанда қала ортасындағы жаңа пәтерлер Тәжікстанды санамағанды ең арзаны. Жалдау ақысы да қымбат емес, арзандығы бойынша екінші орында. 

КӨЛІК ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ ҚЫМБАТ

Көлік бағасын салыстыру үшін халық арасында ең танымал брендтердің бірінің бағасын салыстырғанда байқағанымыз – Қазақстан көлік ең құымбат ел, 2022 жылғы стандартты жаңа Hyundai Accent 23,8 мың доллардан сатылады. Қырғызстанда тура осындай көлік 3,3 мың долларға арзан, 20,5 мың доллар тұрады. Ал Өзбекстан мен Тәжікстан автосалондарында әлі 2022 жылғы бұл көлік жоқ, бір-екі жыл бұрынғы бірақ жаңа көліктер тиісінше 15,5 мың және 21,5 мың долларға сатылады. Түркіменстандағы мәлімет жабық. 

ӨЗБЕКСТАН МЕН ТӘЖІКСТАНДА ЖАНАРМАЙ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫДАН ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТ

Жанармай бағасы Қазақстанда Қырғызстан мен Өзбекстандағыдан 2 еседей, Тәжікстандағыдан 2,5 еседей аз, Түркіменстанмен шамалас. 

ТАМАҚ ТҮРКІМЕНСТАНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ҚЫМБАТ

Азық-түлік ішінде ұн, сиыр еті, картоп, сиыр сүті, алма бағаларын салыстырдық. Ең қымбат баға Түркіменстанда болып шықты. Қалған бес елде аздаған айырмашылық болғанымен, жалпы шамалас. Соның ішінде Қазақстанда ұн, ет әжептеуір арзан. 

КОММУНАЛДЫ ҚЫЗМЕТ ӨЗБЕКСТАНДА, ИНТЕРНЕТ ҚАЗАҚСТАНДА АРЗАН

Коммуналды қызметтерге келер болсақ, 85 шаршы метрлік пәтердің электр энергиясы, жылу, су және қоқыс шығаруға кететін ай сайынғы шығыны төмендегідей:

Қорыта айтар болсақ, 1992 жылы Қазақстанның әу бастағы жағдайы қалған төрт елден анағұрлым жақсы болды. Дегенмен, бүгінге дейінгі экономикалық өсім қарқыны Қазақстанда ең төмен. Соның өзінде Қазақстан экономикасы қалған төрт елді қоса есептегендегімен бірдей. Тиісінше, жалақы көлемі де көрші елдердегіден 2-3 есе жоғары. Соған қарамастан, үй, көлік, тамақ, коммуналды қызмет ақылары шамалас, тіпті көп жағдайда арзан екенін көруге болады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама