Halyq Uni логотип
×

Биыл шетелге аударылған қаржы 30% азайды - ҚМА

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады

 Халық үні 14.02.2022 | 15:05
Биыл шетелге аударылған қаржы 30% азайды - ҚМА
коллаж: Halyq Uni

Кездесуде Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Президент тапсырмаларының орындалуына қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді. Ведомство капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп, күмәнді трансшекаралық аударымдарға күшейтілген мониторинг жасау ісін жолға қойған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл тоқтатылған күдікті операциялар саны 3 еседен асқаны және олардың жалпы құны 150 млрд теңгеге жуық екені баяндалды. Осы деректер бойынша тексеру шаралары жүріп жатыр. Агенттік мәліметі бойынша, шетелге ақша қаражатын шығарудың күрт көбейгені байқалмайды. Керісінше биыл шетелге аударылған қаржы 30 пайызға азайған, – дейді Ақорда.

Жанат Элимановтың айтуынша, мүдделі органдармен бірлесіп, қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға бақылау күшейтілген. Жалпы сомасы 5 миллион АҚШ долларына жуық заң бұзушылық анықталған.

Сонымен қатар Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Үш апта ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде, тауар импорты көлемінің азаюына қарамастан, биылғы қаңтарда бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтар мөлшері 20 пайызға (26,6-дан 31,7 млрд теңгеге дейін) өсті.

Бұнымен қоса Мемлекет басшысына қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағатталған жұмыстар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Тариф» жобасы бойынша коммуналдық қызметтердің 17 миллиард теңгеге өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін 1,3 миллион азаматтың негізсіз шығынына жол берілмеді. 13 іс қозғалды (сумен жабдықтау – 8, газбен жабдықтау – 3, жылумен жабдықтау – 2).

Президент жариялаған Балалар жылы аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, «Қамқор» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жоба халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде 45 іс бойынша 800 жетім баланың құқығы қорғалды, – делінген ақпаратта.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикаға қарсы күресу үшін Агенттік төрағасына тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Президент заңсыз иемделген активтерді, соның ішінде шетелден іздеуге баса мән беру қажет екенін, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Бұл жұмыстың бәрі тұлғаның кім екеніне және лауазымына қарамай жүргізілуі тиіс.

Бұған дейін Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған ақшаны екі ай ішінде елге қайтаруды тапсырған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама