×

Алматыны дамытуға шамамен 6,1 трлн теңге бөлінеді

Қаланың бас жоспары жыл соңына дейін бекітіледі

 Дәурен Ерболат 12.09.2022 | 12:05
Фото: e-cis.info

2030 жылға дейін Алматыны дамытуға шамамен 6,1 трлн теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол Алматыдағы барлық ауданда инфрақұрылым дамитынын, халықтың сапалы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті.

Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеу жүргізіліп жатыр. Оны жылдың соңында бекіту жоспарланып отыр.

Алдын ала есептер бойынша 2030 жылдың соңына дейін қаланың көпорталықтары мен басқа да аумақтарын дамытуға жер учаскелерін сатып алуды есепке алмағанда шамамен 6,1 трлн теңге (2,8 трлн теңге бюджет қаржысы, 3,3 трлн теңге жеке инвестиция) жұмсалады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 2025 жылдың соңына дейін 2,2 трлн теңге алдын ала керек, - деді қала әкімінің орынбасары.

Алматы әкімдігінің есебінше, әлеуметтік, жол, инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымды салу үшін қажет жер учаскелерін алып қоюға қосымша 1,2 трлн теңге керек. Оның ішінде 2025 жылға дейін 710 млрд теңге және 2030 жылға дейін 490 млрд теңге қажет. Мұнда бюджет қаражаты және жеке инвестиция көздері қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама