×

Прокурорлар шетелден тауар импорттаушылардан 26,3 млрд теңгені қайтарды

Жалпы осы саладағы тексеру бойынша бюджет 47,5 миллиард теңгеге толықты

 Еркеғали Болатұлы 11.09.2022 | 10:46
фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура кеден саласына тексеру жүргізді. Нәтижесінде импорттаушылардан 26,3 миллиард теңге салық пен кедендік төлемдер өндірілді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.

Кеден саласындағы тексерулер нәтижесіндегі қадағалау актісі бойынша сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушыларынан мемлекет кірісіне қосымша 26,3 миллиард теңге кедендік төлемдер мен салықтар өндірілді. Жалпы, осы саладағы тексеру бойынша бюджет 47,5 миллиард теңгеге толықты, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі биыл ақпан-мамыр аралығында 10 уәкілетті экономикалық операторға қатысты жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер жүргізілгенін хабарлады. Соған сүйенсек, кедендік тексерулердің қорытындысы бойынша қосымша 107,7 миллиард теңге кедендік төлемдер, салықтар мен өсім өндірілген.

Жалпы, қазір мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті экономикалық операторлар мен кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша бірлескен міндеттемелерді көтеретін кеден өкілдеріне қатысты берешекті өндіріп алу бойынша шаралар қабылдауды жалғастырып жатыр.

Бұған дейін сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) жекелеген қатысушылары Қытай Халық Республикасынан тауарларды әкелу нарығын монополияландырып алғанын көрсеткен еді. Олардың әрқайсысы белгілі бір тауарларға (аяқкиім, киім, қосалқы бөлшектер, техника, жемістер, көкөністер және т.б.) маманданып, елдің нақты аймақтарын өз арасында бөлген. Кедендік баж салығын төлемеу үшін бір топ импорттаушылар әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп отырған. Тексеруден кейін олардан бюджетке 21 миллиард теңге қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама