2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын арттыруға мораторий енгізілді – Қуантыров
2028 жылы қазақстандық әйелдер 61 жасында зейнетке шығады
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров президент жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 6 бағыт бойынша 109 іс-шарадан тұрады.
61 жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізуді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады, - Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айрылған кездегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45%-ына дейін ұлғайтылады.
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейіннен оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін «Ұлттық қор - балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, 2028 жылы әйелдер 61 жасында зейнетке шығады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан еді.