Бір бұйрықтың әлегі: Қазақстандық шаруа 42 тонна сәбізін Ресейге шығара алмай отыр
Шаруа сәбізін Ресейге 200 теңгеден сатуға келісіп, ақшасын алып қойған
Жамбылдық шаруаның Ресейге экспортқа бағытталған 42 тонна сәбізі Батыс Қазақстан облысында тұрып қалды. Шекаралық кеден қызметі көкөністі елден шығармай қойған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстандық кәсіпкер Талғат Сүлейменовтің 42 тонна сәбізі Қазақстан мен Ресей шекарасында тұрып қалды. Кәсіпкер ресейлік серіктестерінен тауардың ақшасын алдын-ала алып қойған.
28 қаңтарда үкімет сәбізді экспорттауға салынған шектеуді алып тастады деген ақпарат шықты. Мен екі фураға 42 тонна сәбіз артып, Ресейге жібердім. Тауардың ақшасын алдын-ала алып қойғам. Белгілі болғандай, ол жаңалық ауызша айтылған екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан кеден органдарына хат бармаған. Соның салдарынан тауарым Орал қаласында тұр, – деді кәсіпкер телефон арқылы.
Оның айтуынша, сәбіз Самара арқылы Ресейдің бірнеше қаласына жеткізілуі тиіс. Сұрыпталған өнімнің әр келісін 200 теңгеден өткізуге келіскен.
«Жүк көлігінің жүргізушілері «қашанғы тұрамыз, тауарыңды түсіріп ал» деп ренжіп жатыр. Қазір Орал мен Атырауға барып, жалынып-жалпайып арзан бағамен сатуыма тура келеді. Менің ресейлік серіктестерім ақша жіберіп қойған. Олардан мың рет кешірім сұрап ақшаларын қайтарып беруге тура келеді. Қазақта «аманат» деген сөз барын білесіз. Біздің биліктің тірлігі мынау. Бұл Қазақстанға түсетін ақша ғой, мен оны ешқайда әкетпеймін. Сол ақшаға тынайтқыш алып, жер жыртып, егін егемін деп отыр едім», - деп қосты ол.
Шаруа шығындарын жабу үшін тауарын кемінде 140 теңгеден сатуы тиіс. Әйтпесе өнімді жинау, сақтау, сұрыптау, тасымалдау шығынын ақтай алмаймын деп отыр.
Біз тек көтерме бағамен, яғни тонналар сатамыз. Енді бұл сәбізді екі ай жүрсек те, 5-10 келілеп сата алмаймыз, шіріп кетеді ғой. Әкімдіктер әлеуметтік дүкендер үшін төмен бағамен сатуымызды сұрайды. Ол біздің шығынымызды жаппайды. Қазір бүкіл әлемде тұқым, тынайтқыш, топырақ өңдеу бағасы, жанармай қымбаттап жатыр. Былтыр жерді жалға алып сәбіз еккен едік. Жағдай мынадай болып жатқанда, биыл не егетінімізді де білмей қалдық, - деді Сүлейменов.
Атап өтсек, 2022 жылғы 6 қаңтардан бастап Қазақстан аумағынан ірі қара және ұсақ малды 6 айға, картоп пен сәбізді 3 айға шығаруға тыйым салынған болатын. Бұл шешім Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлерінің бірлескен бұйрықтары негізінде қабылданды. Алайда 2022 жылғы 28 қаңтарда сәбіз экспортына салынған тыйым күшін жоятыны хабарланды.
«Бүгін Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында 2022 жылғы ақпаннан сәуірге дейін (қоса алғанда) тауарлық және тұқымдық картопты квоталауды енгізу және сәбіз экспортына тыйым салуды жою туралы шешім қабылданды», – деп жазды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, сәбіз экспортына салынған тыйымның күшін жою туралы бұйрық әлі шықпаған және қашан шығатыны да белгісіз.
Бұған дейін картопқа толы 40 вагон теміржол станциясынан өткізілмей жатқаны белгілі болды. Одан соң сәбізді экспорттауға рұқсат берілетіні жөнінде хабарланды.