×

Астанада ауызсу мен жылу жетіспейді. Әкімдік құрылысты қысқартуға мәжбүр

2030 жылға дейін елорда халқы 2 млн-нан асуы мүмкін

 Ербол Тұрымбет 31.08.2022 | 14:55
Коллаж: Halyq Uni

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, урбанизация мен жаңа құрылыстардың өсуіне байланысты жыл сайын қолданыстағы инфрақұрылымға жүктеме көбейіп, энергия ресурстарына да қажеттілік артып отыр. Оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында инженерлік инфрақұрылым, ауызсу, жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәріз суларын бұру жұмыстары жетіспейді.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, соңғы 10 жылда елорда халқының саны екі есе, яғни 650 мыңнан 1,3 млн-ға дейін өскен. Урбанизация осы қарқында дами берсе, 2030 жылға қарай 2 млн-нан аспақ. Сондықтан шаһардың тыныс-тіршілігін тұрақты қамтамасыз ету үшін инженерлік желілердің бірқатар мәселесін шешу қажет.

Қазір тұрғындарды тиісті деңгейде ауызсу, жылу және электрмен жабдықтау секілді қажеттіліктеріді қамтамасыз етуде қаланың инженерлік инфрақұрылым жүйесіне салмақ түсуіне байланысты құрылыс көлемі қысқартылды. Мәселен, қалада былтыр 3 млн шаршы метр үй салынса, биыл 2 млн шаршы метр салу жоспарланған, деп жауап берді елорда әкімдігі Halyq Uni ресми сауалына.

Осыған байланысты қалада бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қарастырылған.

ЕКІ ЖЭО ШАМАСЫ ЖЕТПЕЙДІ

ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қуаты қазір тұтынатын жылу көлемін ғана қамтамасыз етіп отыр. Ал ЖЭО-3 бірінші кезеңінің құрылысы қуаттылықты 400 Гкал/сағ-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл 6 млн шаршы метр тұрғын үйді қамтиды. Одан бөлек, ЖЭО-3 газ қазандықтарын жобалау басталды. Бұл жаңадан салынып жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етеді.

Одан бөлек, қалада екі аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылған. Жалпы, елордада 200 мыңға жуық тұрғыны бар 14 мың абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, 4,6 мыңнан астам үй қосылған.

Сонымен қатар биыл Тұран, Тельман аудандық қазандықтарына және Ильинка, Тельман, Пригородный, Family Village, Өндіріс елдімекендеріне газ жеткізу желісінің құрылысы басталды.

АУЫЗСУ ЖЕТПЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Астаналықтардың жылына пайдаланатын ауызсу көлемі 105 млн текше метрге жеткен. Ал қала жылына бар болғаны 110 млн текше метр су өңдеп-тазалап өндіреді. Сол себепті биыл Интернациональный кентінде жылына 38 млн текше метр суды өңдеп-тазалайтын насосты-фильтрлі станцияның құрылысы басталған.

Одан бөлек, Ертіс-Қарағанды су арнасынан құбыр тарту мәселесі де қарастырылуда. Ол жылына тағы 210 млн текше метр ауыз суды өңдеп-тазалап пайдалануға мүмкіндік бермек.

СОЛ ЖАҒАЛАУҒА БІР СТАНСА КЕРЕК

Сонымен қатар энергетика саласы бойынша ұзындығы 17 шақырымды құрайтын электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Оған қоса сол жағалаудағы электр жүктемесінің өсуін ескере отырып, жаңа «Арай» қосалқы стансасын салу жоспарланып отыр. Мыңжылдық аллеясы аумағында трансформаторлар ауыстырылып, «Жұлдыз» қосалқы стансасын қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жыл соңына дейін «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 15,1 млн шаршы метрді (137,7 мың тұрғын үй) құрайтынын айтқан еді.

Бастапқыда 18 млн шаршы метрді салу жоспарланған болатын. Дегенмен бұл көрсеткішті төмендету ұсынылған.

«Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының басшылығы жыл сайын инженерлік инфрақұрылымның дайындығына қарай елордада жаңадан салынатын тұрғын үйлерді 2 миллион шаршы метрден, Алматыда 1,5 миллион шаршы метрден асырмауды ұсынды. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, ағымдағы жылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарын 15,1 миллион шаршы метрге қысқартуды және 2023 жылдан бастап тұрғын үй көлемін жыл сайын 200 мың шаршы метрге өсіріп отыруды ұсынамын», – деген еді.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама