×

Қант бағасына қатысты қажетсіз делдалдарды анықтау қажет – Әлихан Смайлов

Үкімет басшысы тәтті өнімнің тапшылығын болдырмауға қатысты тапсырмалар берді

 Динара Амантай 27.08.2022 | 12:01
Фото: ainews.kz

Қазақстанда қанттың қоры жеткілікті. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өнімдермен толықтыру стратегиялық міндетке жатады.

Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты, аталған саланы дамыту бойынша Кешенді жоспар әзірленді. Біздің алдымызда бірінші кезекте, қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұр, – деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте Үкімет басшысы егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есеге арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

«Бұл алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, қант зауыттарын барынша жаңғырту және олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. Жалпы, қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Өңірлерде дүрлігуге жол бермеу қажет. Сондықтан, қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», – деді премьер-министр.

Сонымен бірге ол Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Кешенді жоспарды толық көлемде орындауға тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама