×

Қазақстан Дүниежүзілік банктен тағы 350 млн еуроға жуық несие алды

30 жылда бұл қаржы ұйымының елімізге берген қарызы 8,6 млрд доллардан асқан

 Еркеғали Болатұлы 24.08.2022 | 16:04
фото: ашық дереккөз

Дүниежүзілік банктің Орта Азиядағы аймақтық директоры Татьяна Проскурякова мен Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның жекеменшік секторындағы бәсекені арттырып, коронавирус пандемиясынан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін Дүниежүзілік банктің Қазақстанға 345,7 млн еуро қарыз беруі туралы келісімге қол қойды деп хабарлады Kapital.kz.

Қарыз алу туралы келісімді Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесі 2021 жылдың желтоқсанында мақұлдаса, ҚР президенті тиісті жарлыққа 2022 жылдың 2 шілдесінде қол қойған.

Қарыз туралы құжаттың бағдарламасы бәсекелестікті дамыту, мемлекеттік сатып алу, жемқорлықпен күрес және экономиканы одан әрі цифрландыру мен қаржы секторын нығайту сияқты салаларды қамтыған.

Өзге қарыздарға қарағанда, бұл несиенің бірқатар артықшылықтары бар. Несие 11,5 жылға берілген, қосымша жеңілдік ретінде 2,5 жыл беріліп отыр.

Енді бұл қаражат жекеменшік сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, пандемиядан кейінгі экономиканы қалпына келтіруге бағытталмақ.

Дереккөзге сүйенсек, Қазақстан Дүниежүзілік банктер тобына қосылған соңғы 30 жыл ішінде қаржы ұйымының елімізге берген қарызы 8,6 млрд доллардан асқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама