Тоқаев майнингке салынатын салықты көбейтуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы майнингпен айналысатын фермаларды 15 наурызға дейін анықтауды тапсырды.
«Барлық майнинг фермаларын анықтауды, салық, кеден мәселелерін тексеруді тапсырамын. Бұл туралы 15 наурызға дейін есеп беріңіз. Мемлекет «ақ майнерлерге» қарсы емес. Бірақ бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің тиісті лицензиясы болуы керек. Майнингке салынатын салық көлемін өсіреміз, қазіргі салық мөлшері аз», - деді Тоқаев.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «сұр майнерлердің» локациясын анықтау жұмысы басталғанын хабарлады.
Бағдат Мусин «сұр майнерлердің» локациясы туралы ақпарат болса, оны тиісті министрліктегі мамандарға жолдауға шақырды. Сосын көрсетілген локациялар бойынша тексеру жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданады. Сондай-ақ майнингпен заңды түрде айналысуды қалаған кісілерге кәсіби кеңес беріледі.