×

Қымбатшылық: базар басшылығы мониторингтік топқа тексеріс жасатпады

Ірі сауда орындары басшыларының арасында түсіндіру жұмыстарын құзырлы органдар нақтылап, жүргізуі қажет

 Еркеғали Болатұлы 09.08.2022 | 10:32
фото: 716.kz

Қазір Қазақстанда қымбаттамаған ештеңе қалмады. Ел тұрғындарының айтуынша, тауар, қызмет бағасы үнемі өсіп отырғандықтан, соңғы жарты жылда жалақы жарты айға зорға жететін болған.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, Көкшетауда отандық сүт, картоп, пияз бен май бағасы шарықтаған. Оны мониторингтік топ мүшелері тексеріс кезінде анықтады. Енді бағаны негізсіз өсіру фактісі бойынша жауаптылар жазаланады.

Біз облыстық маңызы бар Жібек Жолы, Орталық базар және Хасеновский базарына бардық. 19 әлеуметтік маңызы бар өнімнің бағасын қарадық. Барлық сатушыларда тек «Шедевр» деген күнбағыс майы ғана бар. Ең арзанының литрі – 900 теңге, - дейді қалалық мониторингтік топ жетекшісі Бақтияр Молдахметов.

Оралдықтар да сұйық майдың бағасына шағымданып отыр. Оны растаған сатушылар «тауар сырттан келеді» деп ақталған.

Қымбаттаған «Шедевр» Алматыдан келеді ғой. Сол 3900-ден болды, қазір 4800-ден келіп жатыр. Қатты қымбаттағаны сол. Сосын майонездер Ресейден келеді. Қант бағасы аздап түсіп жатыр, - дейді оралдық сатушы Мейрамгүл Баянғалиева.

Бұл ретте мониторинг тобы жұмысының қаншалықты маңызды екеніне мән бермеген сауда орталығының басшылығы түсіру тобының жұмысына кедергі жасап баққан.

«Мирлан» орталық базарының басшылығы мониторинг жасауға рұқсат берген жоқ. Халықтың арқасында қаржысын тауып отырған жер. Мұндай іс-шара неге керек екенін осындай жердің басшылығы түсінбесе, не дейміз? Сондықтан әлі де болса кәсіпкерлер арасында, соның ішінде ірі сауда орындары басшыларының арасында түсіндіру жұмыстарын құзырлы органдар нақтылап жүргізуі қажет», - дейді АМАNАT партиясы БҚО филиалы партиялық бақылау инспекторы Афиза Семғалиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама