×

Жыл басынан бері кофе 20%-ға, шай 17%-ға қымбаттады

Импорт көлемі айтарлықтай қысқарды

 Динара Амантай 08.08.2022 | 11:09
Фото: yakutsk.ru

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, елімізде 8,5 мың тонна өңделген шай мен кофе өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 8,6 пайызға аз. Өңірлік тұрғыда өндірістің жартысынан астамы Алматыға тиесілі: мұнда 4,5 мың тонна өнім өндірілді, былтырғыдан 21%-ға аз.Бұл саладағы көшбасшылардың қатарына Шымкент (2,6 мың тонна, плюс 4,3%) және Алматы облысы (973 тонна, плюс 83,2%) кірді.

Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2021 жылы шай мен кофе өндірісінің көлемі 19,6 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1%-ға аз.

2021 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, отандық өндірушілер өңделген шай мен кофеге сұранысты (ішкі нарықтағы сату мен экспортты қоса алғанда) 27,2%-ға қамтамасыз етті.

Импорттың үлесі тиісінше 72,8%-ды құрады. Қазақстанға 17,3 мың тонна шай мен кофе жеткізілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,9%-ға аз.

Экспортқа 2,3 мың тонна өңделген шай мен кофе жіберілді, былтырғыдан 22,2% аз. Еліміздің ішкі нарығында 21,4 мың тонна өнім сатылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 8%-ға аз.

Дәл осы кезеңде (2022 жылғы қаңтар-мамыр) республикаға 36 млн долларға 11 мың тонна хош иістендіргіш қоспалары бар немесе қоспасыз шай әкелінді. Физикалық мәнде төмендеу 21,6%-ды, ақшалай түрде 28,2%-ды құрады.

Елімізге шайдың ең көп көлемі Кениядан келеді: 4,4 мың тонна – бір жыл бұрынғыдан 28,2%-ға аз. Ақшалай есептегенде импорт 14,6 млн АҚШ долларын құрады.

Екінші және үшінші орында Үндістан (9,8 миллион долларға 3,5 мың тонна) және Ресей (7,6 миллион долларға 1,1 мың тонна) болды.

Биыл шілде айында Қазақстанда кофе бір жылда 19,6%-ға, шай 16,7%-ға қымбаттады.

Кофе бағасының қымбаттауын шымкенттіктер көбірек сезінді: мұнда баға 47,4%-ға өскен. Қымбатшылық сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарында да қатты байқалды: сәйкесінше 26,6%-ға және 25%-ға өскен. Бағаның ең аз өсуі – 10,1%-ға Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.

Шай бағасының өсуі бойынша алғашқы қатарда Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстары тұр. Жылдық бағаның ең аз өсуі Шымкентте байқалды.

Мамандардың айтуынша, кофе Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде екінші жыл қатарынан қымбаттауын жалғастырып жатыр. Климаттың өзгеруінің салдарымен бірге бұл бағаның жалпы өсуіне ықпал етеді. Әлемдегі ең ірі кофе өндіруші Бразилия құрғақшылық пен суықтан өткен жылы өнімінің бестен бір бөлігін жоғалтты. Өндіріс неғұрлым қысқарса, түпкілікті өнімнің бағасы соғұрлым жоғары болады деп күтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама