2022 жылғы 10 қаңтардан бастап елден картоп пен сәбізді шығаруға тыйым салынған еді
Қазақстанда сәбізді шетелге шығаруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ картопты шығаруға квота енгізіледі, деп хабарлайды Halyk Uni тілшісі.
Бүгін сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында 2022 жылғы ақпаннан сәуірге дейін (қоса алғанда) тауарлық және тұқымдық картопты квоталауды енгізу және сәбіз экспортына тыйым салуды жою туралы шешім қабылданды, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Атап өтсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен шешімімен елімізден ірі қара малды экспорттауға 6 айға, картоп пен сәбізді шығаруға 3 айға тыйым салынған болатын.
Аталған шешім салдарынан шекарада 40 вагон картоп тұрып қалды. «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ қарасты «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің қызметкерлері мемлекетаралық түйісу пунктінде 40 вагон картопты елден шығармай ұстады. Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Ауыл шаруашылығы министрлігі тауарға фитосанитарлық сертификат экспортқа тыйым салу туралы шешім күшіне енгенге дейін берілгенін айтты.