Инвесторлар болды, бірақ Үкімет жобаны тоқтатып тастады – «Қазавтожолдың» экс-басшысы

Айнұр Шошаева

25 мың шақырым жолдың бойында 600-ден астам тұрақ бар

Сурет: ашық дереккөзден

Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында «Қазавтожол» ҰК бұрынғы басшысы, жол саласының маманы Ұлан Әліп бір кездері жол бойы нысандарын салатын инвесторлардың болғанын айтады. 

«Үкіметтен қаражат бөліп жол нысанын салуға қомақты қаражат керек. Оны салған соң күтіп ұстауға тағы қаржы қажет. Мен осыған инвестор табайық дедім. Жолдың бойынан жер берсе ақшасын салуға дайын инвесторлар болды. Үкіметтің күтіп ұстауға кететін қаржысын инвесторларға төлеп тұрайық деп ұсындым. Тек инвесторға ақшаны тұтынушылардың бағалауына байланысты беру туралы айттық. Мәселен, 10 баллдық шкала бойынша кіріп-шыққан адамдар хабарлама арқылы бағалайды. Біреуі 5, біреуі 10 ұпай қоюы мүмкін. Сосын инвестор күтіп ұстауға берілетін қаржыны алу үшін жанын беріп жұмыс істейді. Сервис көтеріледі. Бұдан Үкімет сервистік нысанда салудан ақша үнемдеп, ал күтіп ұстаудың қаржысына инвестордың шығынын өтеп беретін еді. Оған келіскен компаниялар да болды, он шақты компания конкурсқа қатысты. Сол кезде біздің министрлік тоқтатуға бұйрық берді. Себебі бір әжетхана 23 млн теңге тұратынымен түсіндірді. Негізі кәсіпкердің жобаға салатын ақшасына байланысты. Бәлкім 15 млн сала ма, әлде 35 млн теңгеге сала ма кәсіпкердің өз еркінде. Біз үшін ол жерге нысанның салынып, жол бойындағы сервистің дами түскені маңызды болды. Алайда жобаның маңыздылығын түсінбеді, нәтижесінде тендерді тоқтаттық. Сол кезде әжетхананы 23 млн теңгеге салды деп шулады. Ол маған дейін салынған. Неге қымбат десеңіз, онда ваккумдық қондырғы бар, ұшақтардың әжетханасында пайдаланылады. Вакуумдық қондырғы бізде немесе Ресейде жасалмайды, Еуропадан алдырту керек. Құны сол кезде 14 млн теңге еді. Қазір одан қымбат шығар. Артықшылығы суды үнемдейді, бір адамға тек 200 грамм су кетеді. Үйдегі әжетханада тартқан сайын шелектеп су кетеді. Ал ваккумдық қондырғы болса, су мен оны тасымалдау үнемделеді. Қымбат болса да оны әкелуге дайын инвестор болды. Алайда жолы болмады», дейді Ұлан Әліп.

Оның айтуынша, мұндай жобамен Үкімет емес, жеке кәсіпкер айналысуы керек. Билік жеке кәсіпкердің келіп жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауы керек.

«Талдау жасадық. 25 мың шақырым жолдың бойында 600-ден астам тұрақ бар екен. Соның әрқайсысы бойынша әкімдіктен ақпарат алып, оларда қанша гектар жер бар екенін талдадық. Осы тұрақтың артындағы жерді конкурс арқылы жеке кәсіпкерге беріп, сол жерге ол жеке жобасымен келіп, сервистік нысан салдыруды ұсындық. Алайда мәселенің тағы бір жағы бар – кәсіпкерлер мұндай жобаға қызыға қоймауы мүмкін. Біздің кәсіпкерлер салған ақшасын тез қайтарғысы келеді. Мысалы, еуропалық кәсіпкерлер ұзақмерзімді қайтарым деп ұзақ жылдарға жұмыс істейді. Қазақстандық кәсіпкерлер мұндай қадамға барғысы келмейді. Менің ойымша, үкімет тарапынан субсидия ретінде қосымша тетіктер қарастыру керек. Жол бойында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге төмен пайызбен кредит берсе, немесе субсидия сервис жақсарады деп есептеймін. Еуропамен салыстырып жатады ғой, бірақ төмен 4 пайызбен кредит алып жасаған қандай, 18-20 пайызбен кредит алып салған қандай? Түптеп келгенде ол сол жолдың маңайында тұратын ауыл тұрғындарына жұмыс, кәсіпкерге пайда болады», дейді «Қазавтожол» ҰК бұрынғы басшысы.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.