«Несие пайызын азайтса, банктер депозитті қайтара алмай қалады». Агенттік экономистердің сынына жауап берді

Ербол Тұрымбет

Қазір банктердегі қордың 65,8%-ы депозитке тиесілі

Коллаж: Halyq Uni

Жыл басындағы тұтынушылық несие көлемінің 6,3 трлн теңгеге дейін артуы сала мамандарының жағасын ұстатты. «Қаңтар оқиғасының» бір себебі де осы халықтың несиеге батуы екені белгілі. Дегенмен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие пайызын түбегейлі түсіре алмайтынын ашық мойындап отыр.

56% – НАРЫҚ ТАЛАБЫ

Елімізде ЖТСМ мәнін шектеу алғаш 2011 жылы енгізілді. Қазіргі несиелерге қолданылатын 56% шекті мөлшер кезінде Ұлттық Банк қаулысымен белгіленген. Яғни, банктер мен микроқаржы ұйымдарына жұртқа несие бергенде үстінен осынша пайызға дейін пайда көруіне рұқсат берілген. 

Агенттіктің бізге берген жауабында Дүниежүзілік банктің зерттеу мәліметтері келтірілген. Онда әлемде 76 ел тұтынушылардың құқығын қорғау үшін осындай тәжірибені қолданатыны айтылады

Біздің Агенттік те былтыр ЖТСМ-ды саралау тәсілдерін айқындау үшін банктік қарыздар мен шағын несиелер бойынша сыйақының нақты нарықтық мөлшерлемелеріне талдау жүргізді. Қорытындысында несие түрлеріне қарай шекті мәндері былай белгіленді:

  • екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының кей түрін орындайтын ұйымдар беретін банктік қарыздар, яғни, кепілсіз банктік қарыздар бойынша 56%;
  • кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша 40%;
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25% ;
  • микроқаржы ұйымдарының шағын несиелері бойынша – 56%.

Сонымен бірге, несие алушылардың құқығын қорғауды күшейту үшін жеке тұлғаның мүлік бойынша жасалған кепілсіз шағын несие сыйақысының шекті мәні несие көлемінің 25%-на дейін төмендетілген.

БАНКТЕР САЛЫМШЫЛАРДЫҢ ДЕПОЗИТІН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Банктер әдетте өздері біреуден қарыз алып, содан несие береді. Сондай-ақ, халықтың депозиттері де банктердің қорын толықтырады. Олардың үлесі шамамен 65,8%.

Агенттіктің мәлімдеуінше, несие пайызының деңгейі бірнеше негізгі фактормен есептеледі. Бірі, инфляция деңгейі. Тағы бірі, несиелік тәуекелдердің және банктердің қарыз беруге байланысты шығындарының мөлшері.

Осы факторларды ескермей, сыйақы мөлшерлемелерін әкімшілік тұрғыдан белгілеу банк жүйесінің тұрақтылығына, оның ішінде депозиторлар алдындағы салымдарды қайтаруға және олар бойынша сыйақы төлеуге теріс әсер етуі мүмкін, делінген ресми жауапта.

Қазір қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қанша пайызға дейін көтеруге болатынын осы Агенттік бекітеді. Ал банктер нарық қағидаттарын ескере отырып, несие мөлшерлемесін өз бетінше белгілейді. Тек Агенттік айтқан 56%-дан асырмаса болғаны. Мысалы, өткен мамыр айында жеке тұлғаларға теңгелей берілген қарыздар бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемелерінің көлемі қысқамерзімді қарыздар бойынша 14,9%, ұзақмерзімді қарыздар бойынша 17,6%-ды құрады.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар еліміздегі несие пайызының тым жоғары әрі негізсіз екенін айтып, оны қайта қарауды ұсынған еді.

Экономист Марат Әбдірахмановтың айтуынша, Азаматтық кодекс туралы заң бойынша несиелеудің шекті мөлшерлемесі экономикалық жолмен, соның ішінде Дүниежүзілік Банктің нормативтеріне сәйкес есептелуге тиіс.

Мөлшерлеме көлемі Қазақстан экономикасының жалпы рентабельділігіне байланысты. Сондықтан одан жоғары болмауы керек. Ал бұл көрсеткіш 2021 жылы шамамен 20%-ды құрады. Оның сөзінше, мәселені шешу үшін Азаматтық кодекстің «тиімсіз келісімдер бойынша барлық міндеттемені алып тастау туралы» нормасын қалпына келтіру қажет.

Ал «Талап» зерттеу орталығының басшысы Рахым Ошақбаев 56% мөлшерлеменің еш нәрсеге негізделмегенін, әрі дамыған елдердің басым көпшілігіне қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтты. Оның пікірінше, бұл үкіметтің және осы жылдар ішінде экономикалық саясатпен, қаржы нарығын реттеумен айналысқандардың қателігі. «Несиеге 56% қою – халықты тонау» деген еді ол.

Бүгінде қазақстандық несие нарығында 22 банк пен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1054 ұйым (оның ішінде ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер) бар.