Берік Әбдіғалиұлы малдың оңтүстік өңірлерге арзан сатылып жатқанына қынжылды
Жобаның құны – 7 млрд теңге
2023 жылы Ұлытау облысында ет комбинатын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Өңір басшысы ұлытаулық шаруалар малын тиімді бағаға сата алмай отырғанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ет комбинатының болмауы кедергі болып отыр. Өйткені облыстағы көптеген мал оңтүстік өңірлерге кетіп жатыр. Малдың басы Ұлытау, Жаңаарқа аудандары, Қаражалда көп. Оңтүстікке жеткізілген бұл малдар онда бордақыланады. Кейін қыста кәсіпкерлер оның етін өзімізге сатады, - деп қынжылды аймақ басшысы.
Оның пікірінше, мәселені өңірде ет комбинатын ашу арқылы шешуге болады.
Бізге ет комбинатын құру керек. Қазір инвестормен келіссөз жүргізіп жатырмын. Алдын ала келісім бар. Индустриалдық аймақты анықтадық. Қазір онда инфрақұрылымдық желілерді тартамыз. Алдағы жылы жұмысты бастаймыз деген жоспар бар. Алдын ала есептеу бойынша ет комбинатын ашу үшін 7 млрд теңге керек. Оның ішінде кем дегенде 3 мың басты бордақылайтын орын болады. Ондағы ет өңделеді, - деп түйіндеді сөзін Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлытау облысында жалақыға қатысты мәселе туындағаны хабарланған еді.