Halyq Uni логотип
×

Атырау облысында лауазымды 138 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Өңірді дамытуға бөлінген 17 млрд теңгенің игерілмеу қаупі бар

 Динара Амантай 21.06.2022 | 17:20
Атырау облысында лауазымды 138 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Фото: Halyq Uni

Атырау облысында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 млрд қаржы игерілмей, бюджетке қайтарылды. Одан бөлек, жұмыстардың уақытылы орындалмауынан осы жылға бөлінген 17 млрд 300 мың теңгені игере алмау қаупі туындады. Бұл туралы Атырау облысы бойыша тексеру комиссиясының төрағасы Равиль Төлебаев облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында айтты.

Оның айтуынша, бюджеттің игерілмеуі тауардың уақытылы жеткізілмеуінен, келісімшарт міндеттемелерінің уақыты тығыз болуынан болған. Бұған әкімдіктегі мамандардың өз жұмысын тиісті деңгейде білмеуі мен мердігерлердің жауапсыздығы да себеп болады.

Жыл сайын бюджеттен бөлінген қаражаттың негізсіз жоспарлануы мен қысқартылуына жол беріліп келеді. Әсіресе құрылыс, инфрақұрылым саласын дамытуға жыл басында қаржы сұратылады. Алайда бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде жұмыстарды уақытында аяқтап үлгере алмау қаупі туындап, түрлі салаға жұмсалуы тиісті қаражаттың қысқартылуына жол береді, – деді Төлебаев.

Баяндамашының мәліметінше, былтыр жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 911 млн 300 мың теңгені қысқартып, 7 жоба аяқсыз қалған. Бұл Атырау облысының барлық аудандарына ауылішілік жол салу, қайта жаңғырту, кірме жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыстарды үйлестіре алмау салдарынан орын алып отыр. Ал мердігерлер тапсырыс берушінің ескертпелерін уақытында орындамайды. Дәл осындай жағдай құрылыс басқармасына бөлінген қаржыдан 11,5 млрд теңгенің қысқартылуына әкеліп, 51 жоба уақытылы аяқталмаған.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Равиль Төлебаев.

Сессия барысында мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев бюджеттің игерілуіне жауапты мамандардың жұмысын сынады.

Бұл кемшіліктер былтыр да, биыл да қайталанып келеді. Қатаң сөгісті есептемегенде, 3 қызметкер лауазымынан босатылып, 4 адамның ісі қылмысқа тартылған. Кемшіліктерді жою үшін қандай жұмыс жасалуда? Көп жағдайда қаражат болмауына байланысты нысандар тоқтап тұр деп айтып жатамыз. Бірақ қазір түйгеніміздей, қаражат бөлініп тұрса да әр саладағы мамандардың, мердігерлердің кемшілігінен көптеген қаражат жыл аяғында қайтып кетіп жатыр, – деді ол.

Төлебаевтың пікірінше, олқылықтар адами факторлардан, атап айтқанда қызметкерлердің кейбір заңдылықтарды білмеуінен орын алып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бюджетті тиімсіз жұмсағандардың жазаланатыны туралы айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама