«Шындыққа сәйкес келмейді»: Энергетика министрі Мұхтар Жәкішевтің ұсынысына жауап берді

Дәурен Ерболат

Елде энергияның барлық көзі пайдаланылады

Фото: t.me/KZgovernment

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің Қазақстанды энергиясымен қамтамасыз етуде газ генерациясын  пайдалану керек деген ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі министрге «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев GPT есептеуін пайдаланып, Қазақстанды энергиямен қамтамасыз етудің жаңа тұжырымдамасын әзірлегенін айтты. Ол мәселені табиғи газ арқылы шешуді ұсынып отыр. Қазақстанда жыл сайын жылына 9 млрд текше метр газ жағылады деген рас па?» деп сұрақ қойды.

Алмасадам Сәтқалиев бұл ұсыныс ұнағанын, бірақ онда,ы сандар шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Ашығын айтсам, маған оның (Мұхтар Жәкішевтің) атом энергетикасын дамыту бойынша тұжырымдамасы ұнады. Ол нақты барлық трендті оның ішінде халықаралық трендті де көрсетті. Оның (Мұхтар Жәкішевтің) газ генерациясын пайдалану туралы ұсынысы контекстен түсіп қалады. Неге? Себебі, ол факельдерден шамамен 8-9 млрд м3 газ жағылатынын айтты. Бұл бұл шындыққа сәйкес келмейді. Себебі, біз 340-300 млн м3  газды жағамыз. Бұл –  жалпы пайдаланатын газдың шамамен 1%. Сондықтан бұл газ генерациясының көзі бола алмайды. Бізде газ генерациясының дамытудың тұжырымдамасы бар. Мен бұл туралы айтқамын, - деді министр.

Ведомство басшысы Қазақстан энергетика саласын дамытуда қуаттың барлық көзін пайдаланатынын атап өтті.

Газ көмірге қарағанда экологиялық жағынан таза. Бірақ одан көмірқышқыл газы тарайтынын әрі көміртекті бейтараптылық мәселесін шешу жағын ескерсек, (газ генерациясы) атом энергетикасы сияқты тиімді механизм бола алмайды. Сондықтан біз Қазақстанда газ генерациясы, атом генерациясы, жаңартылатын энергия көздері болуы керек деп санаймыз. Біз өндіретін көмір өте арзан саналады. Көмір генерациясы электр бағасының балансын сақтауға мүмкіндік береді, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салсақ, бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-төрағасы Мұхтар Жәкішев электр энергиясын өндірудің көзі ретінде газды қарастыруға болатынын айтқан болатын. Оның пікірінше, АЭС құрылысының ұзақтығына байланысты атом электр станциясының көмегімен тапшылық аз уақытта емес, 10-15 жылда ғана шешіледі. Сондықтан ол «АЭС тапшылықты жабудың ең тиімді құралы емес» деген пікір айтты.  Оның пікірінше, үкімет энергия тапшылығын шешуі үшін электр қуатының барлық көздерін қарастыруы керек. Оған газ өндіру де кіретінін еске салды.