×

«Шешімді халық қабылдайды»: Мұхтар Жәкішев АЭС салу туралы

Атом энергиясы Қазақстандағы тапшылықты шеше ме?

 Айнұр Шошаева 26.08.2024 | 11:47
Фото: Halyq Uni

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-төрағасы Мұхтар Жәкішев Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ол электр энергиясын өндірудің көзі ретінде газды қарастыруға болатынын айтты. Себебі газ генерациясының көмегімен энергия тапшылығын тез шешуге болады деп есептейді.

Өйткені, АЭС құрылысының ұзақтығына байланысты атом электр станциясының көмегімен біз тапшылықты аз уақытта емес, 10-15 жылда ғана шешеміз. Мәселе энергия тапшылығы қазір болып отыр, ал бұл тапшылықты жабудың ең тиімді құралы емес. Сондықтан  болашақта тапшылықты жасыл энергия көздерінен жапқымыз келсе, онда бізге қазір газды қарастыру керек шығар. Болашақта біздің энергетикалық жүйемізге қолайлы атом электр станциялары пайда болғанда, біз бұл мәселені қарастыра аламыз. Бұған дейін айтқанмын, дәл қазір біздің жүйеге үйлесетін бірде бір энергия көзін көріп тұрған жоқпын, - деді ол Астанада өткен форумда.

Оның пікірінше, үкімет энергия тапшылығын шешуі үшін электр қуатының барлық көздерін қарастыруы керек. Оған газ өндіру де кіретінін еске салды.

Біздің үкімет атом электр станциясына басымдық беріп отыр. Әрі оны қалай істеп отырғанын көріп отырмыз.  Жарайды, есептеп шығарсын, бірақ шешімді референдум өткізіп халық қабылдайды. Халық өзі шешеді, - деп қосты Жәкішев.

Еске салсақ, өткен аптада Қазақстанда АЭС салу бойынша соңғы жария талқылау өткен болатын. Талқылауға қатысқандардың басым бөлігі қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Мұхтар Жәкішев заманауи атом стансалары ІІІ+ буынына жататынын атап өтті.

Мәселен, Францияда атом стансасының жанында жүзім бағы жайқалып тұрады. Яғни атом стансаларында шығарынды көп болмайды. Қазақстандағы ядролық энергия көздеріне келетін болсақ. Қазір Францияда немесе Финляндияда салып жатқан реакторлар біздің жүйеге келмейді. Оның тиімді емес екенін түсіну қиын емес. Мысалы, 600-ден 1400 мегаватт салады дейік. Сіз 1400-ге ақша жұмсайсыз, оның өтемі бар, айтталық ол 20 жылды құрайды. Егер сіз 800 мегаватт өндіретін болсаңыз, оның өтемі 35-40 жылға дейін кетеді. Яғни сіз кіріс бөлігін азайтсаңыз да, шығындары сол қалпында қалады.  Сондықтан егер оны пайдалана алмайтын болса, үлкен стансаны салудың қажеті қанша? Мен осыны айтып отырмын. Біздің энергожүйеге лайықты келетін көз жоқ. Ендеше сондай көздердің шыққанын күтейік, ең жақсысын таңдайық, - деп толықтырды ол сөзін.

Бұған қоса, ол Қазақстанда АЭС салуға ұсыныс білдірген вендорларға қатысты пікір білдірді.

Шынымды айтсам, нақты кімдердің не ұсынып жатқанын білмеймін. Корея, Франция, Қытай мен Ресейден ұсыныс бары айтылды. Бұл елдердің барлығында ІІІ+ буын реакторы бар. Әр елдегі реактордың қуатына байланысты өз ерекшелігі бар. Ең бастысы біздің энергетикалық жүйемізге қолайлысын таңдау. Бір реактор қымбат болуы мүмкін, біреуі арзан. Мәселе конструкцияға байланысты. Мәселен, бір реакторда қауіпсіздік электроника арқылы қамтамасыз етілесе, оның құны қымбатырақ болады. Біреуінде жай физика заңдарымен қамтамасыз етілуі мүмкін. Сәйкесінше, ол арзан болады. Қазақстан сенімділік пен үнемділікті таңдауы керек. Бұл есеп пен таңдау мәселесі. Сондықтан қазір қай реактор жақсы немесе таңдау керек деп айта алмаймын, - деді спикер.

Еске салсақ, өткен айда Қазақстанның Ұлттық банкі «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алатынын мәлімдеді. Ол үшін Ұлттық қордан көлемі 467,4 млрд теңге жұмсалатыны белгілі болды. Ұлттық компанияның экс-төрағасының аталған мәселеге қатысты пікірін сұрап көрдік.

«Қазатомөнеркәсіпке» оған кім иелік етіп отырғаны – мемлекеттің тікелей немесе «Самұрық Қазына» арқылы басқарғаны маңызды емес шығар. Үкіметке оны сатқан маңызды деп ойлаймын, өйткені ақша түсті. Енді Ұлттық қордан алып, өз бағдарламаларына бөліп жатыр. Негізі бұл жай ғана мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін жасалды.  Меніңше, бюджет тапшылығы бар, оны осындай схема арқылы шешу тиімді болды, - деді Мұхтар Жәкішев.

Айта кетейік, Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын 1998-2001 және 2002-2009 жылдары екі мәрте басқарған. Сондай-ақ энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама