Экономиканы технологиялық жағынан дамыту – маңызды міндет, деді ол
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, халқының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біздің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өндіруден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр, деді Тоқаев.
Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағдай елдеріміздің сыртқы факторларға лайықты төтеп беруін қамтамасыз етіп, сауда-өндіріс саласындағы циклдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірлескен экономикалық жобаларды тиімді іске асыру осы үдеріске оң ықпал ете алады, – деп қосты мемлекет басшысы.
Экономикаларымызды технологиялық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуелділіктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді. Цифрлық және креативті индустрияның жаппай қарқын алуы шикізатқа сүйенген экономикадан зияткерлік сипаттағы өндіріске дәйекті түрде көшуге ықпал етеді, деп жалғастырды ол.