Ақтөбеде мұнайды заңсыз өндірген компания басшылығы сотталды
Олар 139 млн теңгенің мұнайын ұрлап үлгерген
Мұнайды заңсыз өндірген компания бас директорының орынбасары сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақтөбе облысында шикі мұнай өндіруді заңсыз жүзеге асырған «Сайгак Казахстан Б.В.» компаниясы филиалы бас директорының орынбасары сотталды, деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы мамырға дейінгі кезеңде аталған компанияның филиалы «Сайгак» кен орнындағы келісімшарт шеңберінде шикі мұнай өндіруді жүзеге асырғанын, бұл ретте келісім-шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанын анықтады. Осы жағдайларға қарамастан, олар жыл бойы кен орнында мұнайды заңсыз өндіру мен сақтауды жалғастырған, – деп қосты ведомство.
Жалпы көлемі 3,5 мың тонна болатын 2 резервуарда құны 139 млн теңгеге өңделген мұнай мемлекет кірісіне тәркіленді. Кен орнын басқарған компания филиалы бас директорының орынбасары 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген шығын толық көлемде өтелді.
«Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі», – деп түйіндеді ҚМА.