Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда қандай тиімді ипотекалық бағдарлама арқылы үй алуға болады

Қазір бағдарлама көп, ішіндегі ең тиімдісі қайсы

 Қымбат Елтайқызы 05.06.2024 | 12:06
Қазақстанда қандай тиімді ипотекалық бағдарлама арқылы үй алуға болады
коллаж: Halyq Uni

Осы және өзге де сұрақтар қамтылған Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

Қазақстанда қазір келесідей тиімді ипотекалық бағдарламалар іске асырылып жатыр: «2-10-20», «5-10-20», «Отау», «Наурыз», жастарға кредит берудің өңірлік бағдарламалары, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы, «7-20-25» және тағы басқалар.

Биыл «Отбасы банк» АҚ жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына 6 884 қарыз беруді жоспарлап отыр, оның ішінде:

  • «2-10-20» ипотекалық бағдарламасы бойынша – 4 683 қарыз (55,3 млрд теңге). Талаптар: бастапқы жарна 10%, жылдық мөлшерлеме 2%, мерзімі 20 жылға дейін. 4 санат қатыса алады: 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар; көп балалы отбасылар.
  • «5-10-20» бағдарламасы бойынша – 2 201 қарыз (26 млрд теңге). Талаптар: бастапқы жарна 10%, жылдық мөлшерлеме 5%, мерзімі 20 жылға дейін. Жергілікті атқарушы орган есебінде тұрған барлық санат қатыса алады.

Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарының төрт санаты үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу құнының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы іске асырылып жатыр (субсидиялау 50/50). Негізгі талаптары: бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар; көп балалы отбасылар, төрт санаттың бірі бойынша тұрғын үйге кезекте тұру. Отбасының (азаматтың) соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне бөлудегі жиынтық табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 43 407 теңгеден төмен болуға тиіс.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтарына ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификатын береді. Жергілікті мәслихаттар тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаттарын және көмек мөлшерін айқындайды. Тұрғын үй сертификаты бюджеттік несие түрінде, әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде ұсынылады. Әлеуметтік көмек – соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен (134 561 теңгеге дейін) төмен азаматтарға тегін беріледі. Әлеуметтік қолдау - табысы 3,1 еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (134 561 теңгеден жоғары) жоғары азаматтарға бюджеттік кредит түрінде (0,1%-бен) ұсынылады.

Әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы. Қатысушылар: тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілер, мемлекеттік күзет және ІІМ қызметкерлері. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

  • банкте арнаулы салымның және жеке арнаулы шоттың болуы;
  • бастапқы жарнасы 15-50%-дан бастап қарыз алу үшін банк жариялаған мерзімде банктің сайтында (www.online.hcsbk.kz) өтінім беріп, бағдарламаның қатысушысы болуы қажет.

«Отау» бағдарламасы. Қатысушылар - жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар. Несиелеу шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 9%;
  • бастапқы жарна - қарыз сомасының 20%-нан бастап;

Қарыздың ең жоғары сомасы – Астана және Алматы қалаларында тұрғын үй сатып алу кезінде - 30 млн теңге, қалған өңірлерде - 18 млн теңге. Қарыздың мақсаты - бастапқы тұрғын үйді, оның ішінде үлестік қатысу шарты бойынша сатылатын тұрғын үйді сатып алу. Тұрғын үйді таңдау және брондау Отбасы банкінің «Баспана маркет» платформасында жүзеге асырылады.

«Наурыз» бағдарламасы. Қатысушылар - кредиттік өтінім берілген күні эмитенттің салымшылары саналатын Қазақстан азаматтары және қандастар, оның ішінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар. Несиелеу шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі – халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандары үшін – 7%;
  • қалған азаматтар үшін - жылдық 9%;
  • бастапқы жарна – қарыз сомасының 20%-нан бастап;

Қарыздың мақсаты - бастапқы тұрғын үйді, оның ішінде ҚЖТ (КЖК) кепілдігі болған жағдайда үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үйді сатып алу. Бір тұрғын үй бойынша бірнеше кредиттік өтінім түскен кезде тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған Қазақстан азаматтарының тұрғын үй сатып алуға басым құқығы болады. Қатысушыларға қойылатын талаптар:

  • салымдағы ең төменгі сома - 1 миллион теңгеден кем емес;
  • жылжымайтын мүліктің меншігі бойынша, сондай-ақ онымен соңғы 5 жыл ішінде мәмілелердің болмауы;
  • ресми табыстың болуы (жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысатындарды қоса алғанда).

«7-20-25» бағдарламасы. Несиелеу шарттары:

  • Тауарлардың бағасы - 7,2-ден 7,8%-ға дейін;
  • Бастапқы жарна - жалпы соманың 20%-дан астамы;
  • Ең көп ақша сомасы - 25 млн теңге.

Банк серіктестері: «Банк Центр Кредит» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Jysan bank» АҚ, «Forte bank» АҚ, «Altyn bank» АҚ, «Bank RBK» АҚ.

Отбасы банк Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы мамырда «Наурыз» жаңа жеңілдікті бағдарламасын іске асыра бастады. Бұл жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер 2024 жылғы 25 сәуірден қабылдана бастады. Қабылдау мерзімі екі ай, яғни 30 маусымға дейін. Өтінімдерді «Баспана маркет» порталында ЭЦҚ арқылы беруге болады. Қазіргі таңда «Наурыз» бойынша 9 мыңнан астам өтініш қабылданды, 2 мыңнан астамы қабылданбады, 5 мыңнан астам өтініш орындалып жатыр, – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Су тасқыны: екі облыста жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу мәселесі талқыланып жатыр. Премьер-министр «Отбасы банкке» қатысты сынға жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама