×

Премьер-министр «Отбасы банкке» қатысты сынға жауап берді

Қолданыстағы жинақ жүйесі қарыз алушыға қаржылық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді

 Халық үні 29.03.2024 | 08:58
Фото: t.me/KZgovernment

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Отбаса банкке» қатысты «несиенің барлық сомасына пайыздық мөлшерлеме алады» деген депутаттардың сынына жауап берді.

Депутаттар «Отбасы банкінен» ипотека алған азаматтар депозитке соманың жартысын жинайтынын айтты. Кейінірек банк қарыз алушыға мүлікті сатып алу үшін жетпей тұрған бөлігін береді. Бұл ретте банк тұрғын үйдің бүкіл құнына сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Бұл – адамның өз қаражаты және банк берген сома.

Премьер-министр әуелі банкке салымшы қаржыны қалай жинайтынына тоқталды. «Отбасы банк» АҚ тұрғын үй құрылысы жинақтары шарты бойынша, қарыз салымшыға кемінде 3 жыл шотта қажет соманың 50%-ын міндетті жинаған кезде беріледі. Бұл ретте қарыз алушы банктің сыйақысын жинаған қаражатты есепке алмай, қарыз сомасына ғана төлейді.

Салымшының қаражат жинауға мүмкіндігі болмаса, бірақ қажет соманың 50%-ы бар болса, ол аралық деп аталатын қарызды мерзімінен бұрын ала алады. Бұл жағдайда соманың 50%-ы салынған қаражат аралық қарызды пайдалану кезеңіне (3 жыл) кепіл ретінде әрекет етеді.

Бұл тәсілде ипотекалық қарыз клиентке қажет соманың 100% мөлшерінде беріледі. Оған қоса банктің сыйақысы берілген барлық сомаға есептеледі. Депозит мерзімі кемінде үш жыл болғаннан кейін қарыз алушының банкте сақталған сомасының 50%-ы мөлшеріндегі қаражаты аралық қарызды өтеу есебіне өтеді. Ал қарыз алушы мөлшерлемесі жылдық 3,5-5%-ға дейін төмендетілетін тұрғын үй қарызына ауысады, – деп жауап берді Бектенов.

«Отбасы банк» пен коммерциялық банкті салыстыру

Олжас Бектенов «Отбасы банктен» ипотека алу мен жеке коммерциялық банктен ипотека алуды салыстырды.

Салыстырып қарасақ, тұрғын үй құны 30 млн теңге, жылдық мөлшерлеме 18% және бастапқы жарна 20% болған кезде екінші деңгейдегі коммерциялық банктің қарыз алушысы 10 жыл ішінде ай сайын шамамен 430 мың теңге төлейді. Нәтижесінде артық төлем екі есеге жуық болады, – делінген жауапта.

«Отбасы банкінің» аралық қарыз жүйесі бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%, қарыз сомасы 30 млн теңге және бастапқы жарна 50% болды дейік. Осындай мерзім ішінде қарыз алушы алғашқы 3 жылда ай сайын 200 мың теңгеден астам ақша төлейді. Қалған 7 жылда шамамен 160 мың теңге төлейді. Нәтижесінде артық төлем 8 млн теңгеден 10 млн теңге аралығында болады.

Оның айтуынша, осылай, «Отбасы банкінің» қолданыстағы жинақ жүйесі қарыз алушыға қаржылық жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама