×

Қайрат Боранбаевқа қатысы бар кешен мемлекет меншігіне қайтарылады

Қарағандыдағы саябақ аймағындағы жерлердің бір бөлігі ретінде мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылады

 Ербол Тұрымбет 02.06.2022 | 16:41
коллаж: Halyq Uni

Бұрын Қарағанды фармацевтикалық кластеріне берілген «Фитохимия» ғылыми-өндірістік кешені мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

«Институттың маңызы мен әлеуеті зор. Ішкі аудит қызметінің тексеру жұмысы келісімнің мемлекетке тиімсіз екенін көрсетті, мүліктік кешенді бағалауға, оның құны мен бөліп төлеуге қатысты сұрақтар туындады. Сол себепті мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілді. Тиісті құжатқа қол қойылып, рәсімдер жүргізіліп жатыр», - деп жазды министр.

Сонымен қатар Қарағанды қаласының саябақ аймағындағы жерлерді қаланың орталық саябағының бір бөлігі ретінде мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылады.

Қарағандының фармацевтика кешені (ҚФК) 2005 жылы құрылған. 2017 жылы кешен қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жартылай иелігіндегі «НеоТекФарм» компаниясына өткен.

Еске салайық, 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын, осы қылмысты жасады деген күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалғанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама