Бүгінде жанар-жағармайды елімізден әкетуге тыйым салынған
Шетелге шамамен 25 мың литрге жуық бензиннің шығарылуына жол берілмеді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Биыл бірінші тоқсанда Қазақстан-Ресей шекарасында 13 650 литр жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 103 әрекеті анықталып, жолы кесілді. Сондай-ақ қазақ-өзбек шекарасында 11 135 литр жанар-жағармайды заңсыз шекара асыруға 68 әрекет жасалды. 3,7 млн теңге айыппұл өндірілді, - деп жазылған хабарламада.
Қазір мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынған. Тыйым Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай материалдарының тапшылығын болдырмау үшін нормативтік актілермен бекітілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті белгіленген тыйымдар мен шектеулердің сақталуына бақылау жүргізеді. Тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады. Электрондық декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде әкетуге тыйым салынған мұнай өнімдерінің кедендік декларациялауын болдырмау үшін шаралар қабылданған.
Айта кетейік, МКК мұнай өнімдерін заңсыз әкету фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізеді. 2023 жылы қазақ-өзбек шекарасында 79 800 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 294 әрекеті тоқтатылды. Мемлекет бюджетіне 24,5 млн теңге айыппұл өндірілді. Қазақстан-Ресей шекарасында 60 мың литрге жуық мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 324 фактісінің жолы кесілді.
Бұған дейін шекарадан жанар-жағармай алып шығу әрекетінің қатаң бақыланатыны хабарланған еді.