Жапондар да жылқы етін тұтынады
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жапонияға жылқы етін қалай экспорттауға болатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Олар (жапондар) жылқы етін тұтынады. Бізде жылқы етін экспорттайтын 45 өндіруші бар. Олар өнімін Жапонияға жіберуге дайын. Қазір ондағы әріптесіме (Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Ресукэ Кодзуки) ақпарат беріп, дайындықты көрсеттім.
Логистика жағына тоқталайын. Қытай арқылы контейнермен (Жапонияға жылқы етін – авт.) жеткізуге болады. Тек Жапония тарапынан сұраныс керек», - деді Арман Шаққалиев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Жапонияға 45 өңделген тауар экспорттағаны хабарланды. Арман Шаққалиевтің айтуынша, Жапония Қазақстандағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Соңғы 17 жылда жапон инвестициясының көлемі 7,8 млрд доллардан асқан.