Жыл басынан бері 600-ден астам шенеуніктің жемқорлық әрекеті әшкереленді

Қымбат Елтайқызы

Олардың 110-ы – әртүрлі деңгейдегі басшылар

коллаж: Halyq Uni

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорда.

«Агенттік дерегі бойынша, биылғы 5 айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1000-нан астам қылмыстық іс тіркелген. 600-ден астам лауазымды тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленген. Олардың 110-ы – әртүрлі деңгейдегі басшылар», – делінген ақпаратта.

Бектенов мемлекетке келген залалдың өтелуін қамтамасыз ету жөніндегі президент тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берді. Жыл басынан бері ел бюджетіне 220 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылған.

Тоқаевқа агенттіктің бизнеске заңсыз араласудан қорғау тетіктерін қалыптастыру үшін шаралар қабылдағаны жөнінде баяндалды. Іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Соған сәйкес тергеп-тексерудің басталуы, кәсіпкерлерге қатысты кез-келген тергеу амалдары орталық аппарат келісімі арқылы жүзеге асырылуға тиіс, – делінген мағлұматта.

Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласу фактілеріне жедел назар аударатын жұмыс тобы құрылды.

Кездесу соңында мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.