×

Қазақстанда соңғы 2 жылда білім саласындағы инвестициялық жобалар көбейген

Шетелдік елшілер дипломатиялық қауымдастықты бизнеспен біріктіру идеясына оң бағасын берді

 Айнұр Шошаева 14.12.2023 | 18:31
фото: Halyq Uni

Соңғы 2 жылда елімізге келген шетелдік компаниялардың үлесі артқан. Әсересе білім саласындағы инвестициялық жобалар көбейді, деп хабарлайды Halyu Uni тілшісі.

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның Қазақстандағы елшісі Кэтрин Джейн Лич Дипломатиялық бизнес клубтың жұмысына қатысты пікір білдірді. Елші дипломатиялық қауымдастықты бизнеспен біріктіру идеясына оң бағасын берді.

«Барлығымыздың ортақ мақсатымыз бар – Қазақстанға инвестиция көлемін ұлғайту. Біз Қазақстанда өте табысты инвесторлар бола білдік. Әсіресе газ секторында, бірақ қазір басқа секторларға назар аудара бастадық. Қазір тау-кен өнеркәсібінде көптеген компаниялар бар, сонымен қатар басқа да ірі сектор – білім саласында жобалар бар. Қазақстанда жоғары білім беруді кеңейту, көптеген шетелдік университеттерді тарту бойынша өте үлкен жоспар бар. Бұл әлеуеті зор саланың бірі. Менің ойымша, бюрократиямен және іскерлік ортамен әлі де біраз жұмыс істеу керек. Мысалы, салық салу саласында ережелердің халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін және оларды өзгерту кезінде халықаралық компаниялармен тиісті консультациялар болуы керек. Жалпы алғанда, ілгерілеу барын көріп отырмыз», - деді елші.

Израильдің Қазақстандағы елшісі Эдвин Натан Ябо Глузманның пікірінше, Дипломатиялық бизнес клуб инвесторлар мен бизнес қоғамдастыққа алдағы жылға арналған жоспарларды талқылау үшін таптырмайтын мүмкіндік.

«Қазақстан – өңірдегі маңызды экономикалардың бірі, Орталық Азиядағы көшбасшы. Дұрыс тепе-теңдікке ие әрі жақсы бағытта дамып жатыр. Туу көрсеткіші (демография) жөнінен де мақтана алады. Қазақстанның болашағы зор және Израиль осы елдің дамуының бір бөлігі болғанына қуанышты. Израильде біз су технологиялары, суды тазарту және тұщыландыру саласындағы ынтымақтастықты арттырғымыз келеді. Сондай-ақ Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіру жобасына, сондай-ақ мәдениет саласындағы жобаларға қатысамыз», - деді Ябо Глузман.

Финляндияның Қазақстандағы құрметті консулы Мұхтар Манкеев соңғы екі жылда қазақ-фин арасындағы бірлескен жобалардың артқанын атап өтті.

«Соңғы кезде болып жатқан жағдайға байланысты РФ біраз компаниялар Қазақстанға көшіп келуге қызығушылық танытып отыр. Мысалы, 2 жыл ішінде Финляндиядан 100-ден астам компаниямен кездестік. Оларға Қазақстанда қандай бизнес жүргізуге болатынын, салықтық және инвестициялық қолдау мен көмек барын айтып жатырмыз. Соның арқасында бүгінде 10-нан астам фин компаниясы елімізге көшіп келіп жатыр. Оның ішінде жасыл экономика, медицина, білім саласындағы ірі жобалар бар. Мәселен, білім саласы бойынша Бином, НЗМ мектептеріндегі бірлескен білім жобалары бар. Қызығушылық өте үлкен. Мәселен, қазір біздің елдегі ұшқыштардың көбі фин еліне барып оқиды. Бұрын компаниялардың көбі Ресей арқылы келетін болса, қазір біздің еліміз арқылы шығып жатыр. Бірнеше фин компаниясы өзінің өндірістік бағытын Қазақстанға ауыстыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жылдам бітетін процесс емес.  Тағы бір маңыздысы – Финляндия мемлекеті тікелей келіп, қаржы құятын ел емес. Ең дамыған технологиясын әкеліп жатыр. Мысалы, БҚО-да қоқыс өңдеу зауыты жобасы болды, финдер өз технологиялары, сараптамалары мен мамандарын әкеліп кіріп жатыр», - деді Мұхтар Манкеев.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтің Дипломатиялық бизнес клуб мүшелерімен кездесуі өтті. Дипломатиялық бизнес клуб 2015 жылы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-ның бастамасымен құрылған. Оның негізгі мақсаты – шетелдік дипломатиялық корпустың Қазақстанның бизнес-қауымдастығымен сауда-экономикалық, білім және ғылым, мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылын дамытып, нығайту үшін бейресми алаң құру. Клубқа Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің және ұлттық компаниялардың басшылары, YPO Kazakhstan мүшелері, Қазақстандағы шет мемлекеттердің құрметті консулдары, сондай-ақ, республиканың бизнес-қауымдастығының көшбасшылары мүше.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама