Бұған дейін Сенат аталған заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарған еді
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды қайта қарап, Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған түзетулерімен келісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін Сенат аталған заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарған.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Сенаттың ұсынысы Үкімет пен Президент резерві есебінен қарастырылып, жалпы бюджет параметрі өзгеріссіз қалатынын атап өтті.
Біріншіден, Үкімет резервінен өңірлерді дамытуға қосымша 44 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Яғни өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуға 30 млрд теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасына қосымша 13,6 млрд теңге жұмсалады.
Екіншіден, Президент резервінен қосымша қаражат Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын іске асыруға қарастырылған. Оның ішінде 33 мыңнан астам кенші 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алғаш рет арнайы әлеуметтік төлем алады. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуге болады есептейді, - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде Мәжіліс депутаттары Сенаттың түзетулерін қолдады.
Бұған дейін 2024 жылы ауыр жұмыс істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алатыны хабарланған еді.