Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Депутаттар заңға 180 түзету енгізді
Сенат депутаттары «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.
Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған (2023 жылы – 4 трлн теңге). Оның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге. Аталған қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады: автомобиль жолдарын, инженерлік желілерді жаңғырту, жылу, газ және сумен жабдықтау, - деді министр Сенаттың жалпы отырысында.
Бюджеттің шығыстары 2024 жылы осы жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңге болады.
«Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталады», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ ол халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты басымдығы болып қалатынын айтты. Осыған байланысты әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40 пайыздан асады. Индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге бюджеттен 5,4 трлн теңге қарастырылады.
Өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден аса қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл – жалпы бюджет шығысының шамамен 30 пайызы.
Сенатта құжатты талқылау кезінде Үкімет резерві есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 13,6 млрд теңге, өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 30,1 млрд теңге бөлуге қатысты қолдау жасалды, - деді Қаржы министрі.
Заңға сәйкес, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 трлн теңге бағытталады: оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға – 1,2 трлн теңге. Күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары – 2,6 трлн теңге.
Ерұлан Жамаубаев Сенатта комитеттер мен жұмыс топтарының 22 отырысы өткізіліп, құжат мұқият қаралғанын атап өтті.
Онда депутаттардың 250-ден аса сауалына жауап берілді. Депутаттар көтерген мәселелер, әсіресе өңірлердің қажеттілігі барынша ескерілді. Нәтижесінде маңыздылығына қарай 196 млрд теңге қайта бөлінді. Президент және Үкімет резерві есебінен 120 млрд теңге қосымша қарастырылды, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов аталған заңды талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінен және депутаттардан өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 180 ұсыныс түскенін айтты.
Жалпы 2024 жылға Сенат депутаттарының Үкіметпен бірлесіп пысықтау нәтижесінде 119,5 млрд теңге сомасына бастамалар қолдау тапты. Ал үш жылдық кезеңге барлығы 228,7 млрд теңге сомасындағы ұсыныстарға қолдау жасалды. Аталмыш бастамалар өңірлерді одан әрі дамыту нәтижесінде, азаматтарымызды әлеуметтік қорғауға және олардың кірістерін арттыруға бағытталады, - деді депутат.
Оның айтуынша, әлеуметтік салада президенттің маңызды бастамаларын іске асыруға қосымша 42,1 млрд теңге көзделеді.
«Біріншіден, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін ұлғайту есебінен 350 мыңнан аса адамның табысы артады. Екіншіден, 33 мыңнан аса кенші 55 жастан бастап зейнет жасына толғанға дейін алғаш рет арнайы әлеуметтік төлем алатын болады. Үшіншіден, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 нысан салынып, жөнделеді», - деді сенатор.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 49,8 млрд теңге болатын 82 жоба іске асырылады.
Оған 2024 жылға қосымша 13,6 млрд теңге көзделген. Сумен жабдықтау және су бұрудың 30 жобасының жалпы құны – 98,3 млрд теңге. Оны іске асыруға 2024 жылы 14 млрд теңге қарастырылды. Нәтижесінде қосымша қаржыландырылып, барлығы орындалғанда, халықтың сумен жабдықтаудағы көрсеткіші қалаларда 99 пайызға дейін, ал ауылдарда 97 пайыз болады.
Газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін 20 жобаны іске асыруға жалпы құны 34,5 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылға 3,4 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл 16 ауылда шамамен 31,9 мың адамның табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз етеді», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Сенатор «Республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынды.
Құрметті әріптестер, баяндалғандар негізінде Сенаттың қаржы және бюджет комитеті келесіні ұсынады: Біріншіден, «Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңы мақұлдансын деп ұсыныс енгізеді. Екіншіден, салыстырмалы кестені қарап, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Мәжіліске жіберілсін деген ұсыныс енгізіледі, - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде «Трансферт туралы» заң мақұлданып, «Республикалық бюджет туралы» заң Парламенттің төменгі палатасына қайтарылды.
Бұған дейін аталған заң жобасын Мәжіліс қабылдаған еді.